Еліміз үшін ең елеулі даталардың бірі 9-мамыр Жеңіс күні.
Осыған орай Ақтаудағы «Мәңгілік алау» монументі ескерткішінің алдында мерекелік шара өтті. Жылдағы дәстүр бойынша "Батырларға тағзым" шеруі ұйымдастырылды. Қолдарына Ұлы Отан соғысына қатысқан жақындарының суреттерін ұстап шыққан 3500 астам адам орталық көшемен жүріп өтті. Мерекелік шара соғыс жылдарынан сыр шертер театрландырылған көріністер мен ән-биге жалғасты.
Сондай-ақ, мерекеге орай қаланың қақ ортасында шатыр тігіліп, «Әскери далалық ас үй» орнатылып жұртшылық жауынгер ботқасының дәмін татты. Бір тілім нан, қарақұмық ботқасы қан майданда жауынгерге нәр беріп, қайраты мен айбатын асырған. Дәл осы астан ақтаулықтар да ауыз тиді.
Салтанатты жиында облыс әкімі Ералы Тоғжанов ардагерлерді мерекемен құттықтады. «Елбасы, Тұңғыш президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Қайсарлық пен қаһармандық, Отанға деген сүйіспеншілік аса қатыгез сұрапыл соғыста жеңіске жол ашты» деген болатын. Расымен де, жеңіс пен жетістік ұғымдары еліміздің даму қарқынымен қашанда қанаттас келеді. Сондықтан осынау бейбіт өмірге жеткізген ардагерлеріміздің алдында бас ие отырып, амандық тілеймін. Сұрапыл соғыс жылдары Қазақ халқы өзінің Отанына, жеріне деген патриоттық сезімін дәлелдеді. Маңғыстау өңірінің әрбір төртінші тұрғыны қолына қару алып, майданға аттанды. Ұзын саны 6000 мыңнан астам адам Отан үшін отқа түссе, соның 4800-і қан майданда қаза болып, хабарсыз кетті. Жеңіс сарбаздары әлі де сапта. Біздің өңіріміз бойынша 16 Ұлы Отан соғысының ардагері ортамызда жүр. Біз оларға шексіз құрмет көрсетіп, даңқын асқақтатуға тиіспіз" – деді облыс әкімі.
Сондай-ақ, облыс басшысы Таушық ауылының тұрғыны, соғыс ардагері 95 жастағы Мәмбетұлы Ибрахимге Ақтау қаласынан су жаңа пәтердің кілтін табыс етті. Мәмбетұлы Ибрахим 1924 жылы туған. Майданға 1942 жылы аттанады. Қалмақ даласы мен Сталинград ұрыстарға қатысып жарақат алады. Соғыс аяқталғаннан кейін Таушықта көлік жүргізушісі болып ұзақ жылдар қызмет етеді. «1941-1945 жылдары ҰОС германияны жеңгені үшін» медалімен марапатталған.
Оставить комментарий