Өңірде 8 аймақтық сайлау комиссиясы құрылып, бүгінгі таңда 390 мыңнан аса сайлаушы тіркелген. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте Маңғыстау облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Асқар Рзаханов мәлімдеді.
Биылғы жылдың 9-маусымында кезектен тыс ҚР президентінің сайлауы өтеді деп бекітілді. Осыған орай, күнтізбелік жоспар бойынша 1 облыстық, 5 аудандық, 2 қалалық сайлау комиссиялары жүйелі түрде өз жұмыстарын бастап кетті. Президентікке кандидаттарды тіркеу, сенімді өкілдерін тағайындап, куәліктерін беру, сайлаушыларды тіркеу - заң талаптары бойынша белгіленген кезеңде өтуі керек. Бүгінгі таңда барлық үміткерлердің облыста штаттары ашылып, сенімді өкілдері тіркелген. Атап айтсақ: Қасым-Жомарт Тоқаевқа 619 сенімді өкіл тіркелсе, Амангелді Таспиховқа 47, Дания Есбаеваға 228 өкіл сенім білдірсе, Сәдібек Түгелге 11, Төлеутай Рахымбековке 11, 16 адам Жамбыл Ахметбековке тіркелсе, Әміржан Қосановқа 21 адам сенімді өкіл болуға ниет білдірген.
Облыста 223 учаскелік комиссия жұмыс істеп жатыр. 25-мамырдан бастап әрбір сайлаушы өзіне жақын сайлау учаскесіне барып, тізімге енген немесе енбегені туралы ақпарат ала алады. Егерде 9-маусым күні әртүрлі себептермен тұрғылықты жерінде болмайтын азаматтар есептен шығару куәлігін алуы керек. Сол куәлікпен жүрген жерінде тіркеліп, дауыс бере алады. Вахталық әдісте қызмет атқаратын мұнайшылардың сайлауға қатысуы үшін тізімдер жасақталып, кен орындарында 5 сайлау учаскелері ашылған. Сондай-ақ, мүмкіндігі шектеулі жандар үшін барлық сайлау учаскелерінде арнайы жағдай жасалған. Есту қабілеті төмен адамдарға құлаққаптар, көзі көрмейтін топтағылар үшін трафареттер орнатылған. Әртүрлі ерекшеліктерге арнайы жасақталған учаскелерде 8000 ға жуық сайлаушы дауыс бере алады.
«Облыстық сайлау комиссиясы күні бүгінге дейін аудан-қалаларды аралап келдік. Сайлауға тыңғылықты дайындық жүргізіліп, пысықталуда. Өңірге ұзақ мерзімге халықаралық деңгейдегі бақылаушылар келді. Оның бірі Америка құрама штаттарынан болса, екіншісі Ресейден келіп, жұмыстарын атқаруда. Сайлау күні жақындаған сайын бақылаушылар тізімі өседі» - деді МО сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Исахан Сағынбаев.
Оставить комментарий