Дабыл: Балаңызды инфекциядан сақтаңыз

/uploads/thumbnail/20170708181731486_small.jpg

 

Жаздың ыстық мерзімінде жанұямен теңіз жағалауына барып, ашық су қоймаларында шомылу көп жағдайда баланың нәзік ағзасына күйзеліс алып келетінін білесіз бе? Дәл осы науқанда балалар несеп жолдарының инфекциясын жұқтырып алуы мүмкін. Жаз мезгілінде бала денсаулығына бейжай қарамаңыз. Ойын баласы байқамастан түрлі жұқпаларды әкелуі ғажап емес. Әсіресе несеп жолдары инфекциясы аурулары білінбей басталып түрлі індеттерге соқтыруы мүмкін.

Несеп шығару жүйесі үрпілерден (зәр шығару арнасы), қуық қалбыршығы мен екі бүйректен тұрады. Несеп жүйесіндегі  аталған бөліктердің барлығы қабынуға ұшырауы мүмкін. Ал кішкене балаларда көп жағдайда қуық инфекциясы пайда болып, соңы циститке ұласып жатады. Неге? Бұған баланың несеп шығару жүйесі құрылымының ерекшеліктері себеп бола алады. Негізінен несеп жолдарының қабынуына үш түрлі себеп бар:

  1. Патогенді микробтар (ішек таяқшалары мен стафилококк).
  2. Зәр шығарудың қалыпты түрінің бұзылуы (тас пайда болып, ет өскен жағдайда, іш құрты мен туа бітті зәр шығару жүйесінің бұзылуы).
  3. Бала ағзасындағы қорғаныс жүйесінің бұзылуы (үнемі инфекциялық және вирусты аурулармен сырқаттану, туа бітті созылмалы ауруға шалдығу, шала туылу, шыжың, жағдайсыз мекенде тұру).
Несеп жолдарының инфекциясы дегеніміз не?

Бұл медициналық атауға несеп шығару жүйесіндегі созылмалы инфекциялық аурулардың барлығы (пиелонефрит, цистит, уретрит және асимптоматикалық бактериалды аурулар) жатады. Несеп инфекциясымен көбіне жаңа туылған перзенттер мен үш жасқа дейінгі балалар ауырады. Бұл жастан кейінгілердің аталған ауруға шалдығуы сирей бастайды. Ең қызығы – несеп жолдары инфекциясына шалдығу мүмкіндігі екінші мәрте 20 жастан асқандарда кезігеді екен. Өмірінің алғашқы айларында ұл мен қыз балаларда бұл инфекцияға тап болу мүмкіндігі бірдей. Ал, уақыт өте келе ұлдарға қарағанда бұл инфекциялар қыз балаларда көп кездеседі. Оның себебі қыз балалардың зәр шығару каналдары кеңірек және қысқа, сондықтан инфекция қуыққа жылдам кіре алады. Сол себепті ата-ана балаға гигиеналық күтім жасауда мұқият болғаны жөн.

Несеп жолдарының инфекциясын қалай байқауға болады?
  • тұмауға шалдықпаса да дене қызуының көтерілуі;
  • іштің қуық тұсының ауыруы (кішірек балаларда), бел мен іштің астыңғы жағының ауыруы (ересек балаларда);
  • күндізгі зәр шығарудың жиілеуі (іш киімнің жиі дымқылдануы);
  • күндіз де, түнде де зәр шығарудың жиілеуі;
  • зәр шығару аралығының жиі немесе сирек болуы, зәр шығару барысында ауруды сезіну;
  • зәрдің түсінің солғын тартуы, құрамынан қан немесе ірің байқалуы.
Ата-ана қандай шешім қабылдағаны дұрыс?

Біз көрсеткен жайлардың бірі сіздің балаңызда байқалса, бірден баланы педиатрға қаратқан жөн. Дәрігер қажет деп тапқан жағдайда қан мен несеп сараптамасына жіберіп, бүйректі УДТ өткізуді нұсқайды. Зәр сараптамасында бактериялар мен лекоцидтердің мөлшері жоғары болады. тексеру барысында дәрігер баланың несеп шығару жүйесіндегі туа біткен ақаулардың бар-жоғын да айқындай алады. Ата- аналар неден сақтануы тиіс?

  • Баланы көлге түсіріп немесе ашық алапта (бассейн) шомылдырудан аулақ болыңыз.
  • Ауруды өз еркіңізбен анықтап, ерікті ем-шара жүргізбеңіз.
  • Ұқсас ауруға шалдыққан туыстардың балаларына қарап, солар қабылдаған дәрілерді тұтынбаңыз.
  • Дәріханадағы сатушыдан барып несеп жүйесіне арналған ең жақсы дәріні беруін өтінудің қажеті жоқ.
  • Қуығына салқын тиіп қалған екен деп қыздыратын дүниелерді басудың, жағудың да қажеті шамалы.
  • Ыстық ванна қабылдатып, моншаға да түсірудің керегі жоқ.
  • Шөпдәрілер қолдану да баланы аллергияға шалдықтырып, оның әбігерің қашыруы мүмкін.

Бұл ауруды анықтаудың маңыздылығы қандай? Несеп жолдарының инфекциясы салдарынан пайда болған аурудың ең қауіптісі – пиелонефрит. Дер кезінде мән беріп емдемесе, бүйректің жетілуіне кері әсер етіп, баланың есейген шағында да өзінің ықпалын байқатуы ықтимал. Үйіңізде өсіп, қалыптасып келе жатқан баланың болашағына алаңдайтыныңыз сөзсіз. Оның салауатты тұлға болып қалыптасуына қазірден бастап мән беріңіз. Ұрпақтарымыздың дені сау болсын! Керек кеңес:

  1. Баланың көңіл-күйі, ұйқысы тыныш болуы мен тамаққа тәбетінің қандай екенін бақылап жүріңіз. Дене қызуының көтерілуі мен төмендеуі, аяқ астынан жылауық болып кетуі де мән беретін жағдайларға жатады.
  2. Егер қобалжуға тұрарлық жағдайларды байқасаңыз міндетті түрде педиатр маманға балаңызды көрсетіңіз.
  3. Дәрігердің ұсынысы мен кеңесіне құлақ түріп, емдеу шараларына жауапкершілікпен қараңыз.
  4. Балаларға рұқсат бермеңіз:

- субұрқақта шомылуға; - күннің ыстығында жалаңбас жүруге; - көшеден тамақтануға; - бөтен адамның бас киімі мен іш киімін киюіне; - бөгде адамның гигиеналық жуыну заттарын қолдануға.

Сәуле Серғазықызы

 

Связанные Статьи