Сүйгеніме жетпей сүріндім

/uploads/thumbnail/20170708181731891_small.jpg

Нағашы әжем әңгімені майын тамызып айтқанда, сілекейіміз шұбырып, немерелері біздер бір орында мелшиіп, ұйып тыңдап отырып қаламыз. Әңгіме айтар алдында:

- Бұл негізі болған оқиға,- деп бастайды. Ендеше сіздерге осы бір аңызды айтып берейін. Ертеде бір ана дүниеге сәби әкелген. Сөйтсе киіз үйден оны босандырып жатқан әйелдер үрке қашып шыққан. "Не болды?" деп молда кіріп келсе, ананың құрсағынан басы адамдікі, денесі қап-қара жылан сияқты шұбар бала дүниеге келген екен. Мына сұмдықты көрген ел шулап, "қарасын құрту керек, тезірек көзін жояйық",- деп алас ұрады. Сонда сәбиін емізіп отырған Ана жылап: -Ішіме сыйған шұбар жыланым, сыртыма да сыяды, -деп жылан- баласын беліне орап алып, тоғайдың ішіне сүңгіп кеткен екен. Қаншама жылдар өтсе де, әжемнің осы аңызы есімнен кетпейді. КТК-да жұмыс істеп жүргенімде, бір жігіт соңымнан ерді. Өзі сондай жақсы. Ауқатты. Бірақ ойымдағы жігіт емес. Америкада оқып келген, өте білімді. Құрбыларым Әлихан десе өліп тұрады. Сол кездері жүріп жүрген "чекист" жігітіммен ренжісіп қалғанмын. Расы керек оның арамдығы мен зұлымдығын көріп, одан қатты түңіліп кеткен де едім. Ал Әлиханның бойынан тек пәктікті, тұнып тұрған мейірімділікті көремін. Ол болса, мен десе ішкен асын жерге қояды. Маған қатты ғашық болды. Әлиханның туған-туыстары мен анасы осынысын біліп, қоярда-қоймай мені тұрмысқа шығуымды өтінді. Бір әулеттің ерке, жалғыз ұлы. Керек десеңіз менімен кездесер алдында Америкада тұрып жатқан нағашы әпкелері телефонына звондап, қандай киім кию керектігіне дейін айтып, посылкамен салып жібереді. Кейде соның оғаш қылықтарына қыздар барлығымыз ішек-сілеміз қатып күлеміз. Бірде "ковбойдың" киімімен келіп тұр. Басында қоңқиған шляпа. Үстінде шашақ-шашақ былғарыдан жасалған киім. "Киноға қалай бармақпын мынаумен?" деп, мен Зәуреш құрбыма бұртиып жүрмін. Ол болса еденде домаланып, көзінен жас аққанша күліп жатыр. "Махаббат, махаббат" деп өлгенше, осы жігітке тұрмысқа шығайын деген шешімге келдім. "Жүр ғой қаншама қыздар, алып қашқан жігіттерімен де отасып, бақытты болып" деді тағы бір ойым. Сөйтіп Әлиханға келісім бердім. Тойға дайындалуға екі жақ та кірісіп кеткенбіз. Бір күні анау бұрынғы "чекист" жігітім звондап тұр. -Егер Әлиханның өмірін құртқың келмесе, менімен дәл қазір кездес. Оның қандай адам екенін мен саған айтып беремін,- дейді. Мен болсам: -Маған бәрібір. Ол сен сияқты ауызбен орақ орып, қатынша ұрыс іздеп жүрмейді. Іспен өзінің қандай екенін баяғыда дәлелдеді,-деймін. Сөйтіп телефонын мүлдем көтермей қойдым. Ертесіне одан "смс" келіп тұр: "Әлихан адам өлтіріп, түрмеде отырып шыққан. Егер менімен кездеспесең, мына жігітті қайта тексертіп, отырғызамын". Басым мең-зең. Не істерімді білмей жылай бердім. Құрбыларымның да сенгісі жоқ. Сөйтіп сол күні Әлиханның өз аузынан естігім келді. Оқиға былай болған екен. Әлихан бір отбасының емес, бір әулеттің тұяғы, әрі мұрагері. Әкесі жағынан да, шешесі жағынан да қыздар дүниеге келген. Анасы 40-қа келіп, әрең осы баланы әкеледі ғой. Қуаныштары қойнына сыймаған бұлардың әулеті Әлиханды "хан" сияқты бастарына көтеріп, қатты құрметтейді. Бірақ ол осы әулеттің атына кір келтірмейін деп, білімін жетілдіреді. Америкадан оқуын бітіріп келгеннен соң, Ақтау қаласында мұнайда жұмыс істеп жүрген ағасы қоймай бұны жұмысқа шақыртады. Сол жылы ағасы астына су жаңа көлік те алып береді. Бірде кешкісін бір жұмыспен қала сыртына шығады. Түн жарымы. Қатты нөсер жауын жауып тұр. Бір кезде трассадан бір әйел жүгіріп шыға келеді. Тормозын басамын деген бұл, үлгермей қалады. Әйелді көлікпен қағып кетеді. Қанжоса болған қырықтан асқан ананы көрген ол, не істерін білмей қатты сасады. Ағасының нөміріне звондап, оқиғаны айтып, жылай береді. -Ешкім көрмеді ме? Қаш! Қазір өзім реттеймін,- дейді ағасы. -Қалайша? Мен Адам басып кеттім деп тұрмын ғой. Не деп тұрсыз?- дейді бұл ызаланып. Сөйтіп ағасының айтқанын істемей, қанға боялып жатқан әйелді ауруханаға жеткізуге тырысады. 102-ге де хабарласып, адам басқанын айтады. Ауруханаға енді жете бергенінде, байғұс ана үн қатады. -Балам, сенің еш жазығың жоқ. Менің өзім жүгіріп шықтым. Иманың бар жігіт екенсің, менің шиеттей жетілмей қалған төрт баламды саған аманат еттім. Әкесі осыдан екі жыл бұрын өмірден озған,- дейді де, көз жұмады. Қолынан жантәсілім болған Ананы құшақтап Әлихан аурухананың алдында жылап отырып алады. Ал полиция қызметкерлері бұны кісендеп алып кетеді. Жалғыз ұлының осындай халге душар болғанын естіген әкесінің жүрегі сыр беріп, инфарктан қайтыс болды сол күні. Ал Анасы  ше? 60-тан асқан шеше байғұс сол күні Ақтауға ұшып келеді. Бір ай бойы баласымен бірге абақтыда отырады. Ұлының жасаған қылмысын өз мойнына алғысы келеді. Сол үшін өмір бойы түрмеде отыруға бар. Алайда құқық қорғау органдары құлақ аспайды. Бірақ абақтыға отыруға рұхсат береді. Ағалары мықты адвокат жалдап, Әлиханды бостандыққа шығарып алады. Мына оқиғаны естіген жанымдағы құрбым екеуміздің бетімізді жас жуып кетті. Енді түсіндім айына неге бір рет Ақтауға ұшатынын. Енді білдім, күніге бір қызбен телефонмен сағаттап тұрып сөйлесетінін. Сөйтсем, Әлихан жаңағы әйелдің төрт баласына қамқор болып, міндетіне алған екен. Үлкен қызын колледжге түсіріпті. Оқуының ақшасын жыл сайын төлеп тұрады. Одан кейінгі үш балаға Ақтаудан үй алып беріп, бір әйелді жалдаған. Өзінің бауырларындай жақсы көріп кеткен. Ал анау балақайларда Әлиханды туған ағасындай сыйлайды. -Аналарының қайтыс болғанына менің себепкер екенімді, үлкен қыздан басқасы білмейді. Ертең олар есейгенде қалайша беттеріне қараймын? -дейді Әлихан жылап. Әрі бері ойланып, мына жігіттің өміріне балта шапқым келмеді. Егер анау сұмпайы ізіне түссе, бұл байғұс жігіттің өмірі мәз болмасы анық. Сөйттім де, Әлиханнан бас тарттым. Үн-түнсіз кеттім. Мен ол кезде бала едім. Көп нәрседен қорқатынмын. Арада біраз жыл өтті. Өткенде сыртынан Самалдағы "Рамстор" жақтан байқап қалдым. Жалғыз кетіп бара жатыр. Жалғыз. Қолына қарадым, сақинаны көрмедім. Жүзінен мұң байқалады. Жанына барып, сөйлескім келді. Балалардың жағдайын сұрағым келді. Білмеймін, неге екенін сал адамдар сияқты тұрып қалдым. Сол кездегі Әлиханның анасының даусы қазір естілгендей. "Ішімнен шыққан балам үшін, жанып жатқан отқа да, ағып жатқан суға да түсуге дайынмын. Өйткені ол менің ішімнен шыққан шұбар жыланым" деп егілген еді. Анасының сол сөзін естіген мен, үн-түнсіз Әлиханның өмірінен кетіп қалдым.

Бибігүл Дәулетхан, Facebook

Связанные Статьи