Цифрландыру Берел қорымдарына да жетті

/image/2019/08/15/crop-96_144_432x768_slayd2.jpg

Әлемде теңдесі жоқ Берел қорық-музейінің құнды жәдігерлері цифрлық форматқа көшірілетін болды. Бұл туралы Шығыс Қазақстан облысының Катонқарағай ауданында Халықаралық жастар күніне орай өткен «Берел мәдениеті: жәдігерлерді цифрлық форматқа көшіру» атты IX мобильді медиа мектебінің барысында айтылды.

Ұлт руханиятына үлес қосар мұндай айтулы бастаманы ұйымдастыруға еліміздегі БҰҰ жаһандық коммуникация департаменті, Әл-Фараби атындағы ҚҰУ және С.Аманжолов атындағы ШҚМУ сынды іргелі мекемелер мұрындық болды. Аталған шара аясында жергілікті БАҚ өкілдеріне арналған көшпелі семинар өтті. Семинарды Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де 2016 жылы құрылған Журналистика мектебінің өкілдері жүргізді. Бұған дейін көшпелі семинарлар сериясы Оңтүстік Қазақстан, Павлодар облыстарында болған.

берел

– Үлкен Берел қорғандары аумағында өткізіліп жатқан семинардың жақсы берері мол. Қатысушылар ол жердегі жәдігерлермен, көшірмелермен, сызбалармен жұмыс істеп, басқа да зерттеулер жүргізді, – дейді С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-дың Қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісі Роза Чекетаева.

Мобильді медиа мектепте Берел мәдениетін цифрлық форматқа көшіру және тарихи жәдігерлерді сақтау бойынша қорым басында жұмыс істеп жатқан археолог-студенттерге семинарлар мен шеберлік сабақтары өткізілді. Ал осынау шараға қатысушылар "Берел" мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайын аралап, қазба жұмыстарын көзімен көрді.

– Берел қорғандары Шығыстың ғана емес, бүкіл еліміздің бренді деп нық айта аламыз. Өткенде ғана мұнда Халықаралық суретшілер бірлестігі ауқымды жұмыс атқарды. Қорғанның аумағы суретшілер мен фототілшілер бас қосатын орынға айналды, – дейді белгілі археолог Зейнолла Самашев.

Оставить комментарий

Связанные Статьи