Жамбылда ерекше жыр кеші өтті

/image/2019/08/19/crop-22_8_190x339_67978074_2346498612260155_1957809929339273216_n.jpg

Таразда жамбылдық ақындардың «Авангард» шығармашылық кеші өтті. Еркін әрі ерекше форматта өткен поэзия думаны жиылғандардың көңілінен шықты деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі. 

Мөлдір өлеңді жүрек көзінен өткізген жастар кофеханада бас қосты. Ас ішіп, аяқ босату үшін емес, жыр оқып, жан сергіту үшін жиналды. Еркін форматтағы басқосуды өткізуге ешқандай басқарма да, басқа аға да мұрындық болған жоқ. Жүрек дүрсілі өлең деп соққан, өлеңге аңсары ауған жастар өздері ұйымдастырды. Арайлы Жақсылық деген шынашақтай қыз бен Файзулла Төлтай деген жас таланттың жанына замандастары, аға-інілері жиылып, саусақтың біріксе жұдырық болатынын көрсетті. «Global Coffee» деп аталатын кофеханаға Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, жазушы Несіпбек Дәутай, облыс әкімі баспасөз қызметінің жетекшісі Нұрадин Рақай бастаған өзге де азаматтар келді. Жергілікті басылымдарда жүрген журналистер мен поэзияға жаны адал жандардың бәрі де басқосуға арнайы ат басын бұрды. Кофехананың іші де әдеби атмосфераға негізделіпті. Көне кітаптар, түрлі бұйымдар әдебиет әлеміне жетелей түседі.

Әдеби кештің кіріспесінде сөз сөйлеген жазушы Несіпбек Дәутай жастардың бұл қадамына құт тілеп, талантты ақындар шоғырланған біздің өңірде мұндай кешті өткізіп отырған азаматтарға ризашылығын жеткізді. Бұдан соң облыс әкімі баспасөз қызметінің жетекшісі Нұрадин Рақай сөз алып, сөзден іске көшкен ақындардың бұл қадамы көңіл қуантатынын тіліне тиек етті.

Есенғали Раушановтың «Болмаңыз, тегі, шүбәлі» атты өлеңінде «Ақындар айхай жыр оқып, ару қыз келіп гүл қадап...» деген жолдар бар. Бұл күні сол көрініс көз алдымызға келгендей болды. Тараздағы тартымды кешке ару Алматыдан халықаралық «Шабыт» фестивалінің жеңімпазы, талантты ақын Батырхан Сәрсенхан арнайы келіп, шашын сілкіп тұрып жырын оқыды. Жас ақындар Нұржан Қадірәлі, Нұрболат Жолдасбек, Арайлы Жақсылық, Әлімжан Шөңгербай, Файзулла Төлтай, Нұрболат Сатымқұл, Данияр Әлімқұл бастаған өзге де қыз-жігіттер жаңа өлеңдерімен жүректерден жол тапты. «Жарайсыңдар!» дестік. Әріптесіміз, облыстық «Ақ жол» газеті бас редакторының орынбасарының міндетін атқарушы Асхат Райқұл белгілі ақын, Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты Ерлан Жүністің өлеңін оқып берді. Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының директоры Хамит Есаман да есті жырларымен бөлісті. Облыстық «Арай» жастар газетінің тілшісі Мұратхан Әлімхан бастаған өзге де жастар гитарамен және домбырамен ән шырқап, әдеби кешті мәденилендіре түсті.

Әдеби атмосфера орын алған кешке облысымызға есімі белгілі жастардың біразы жиналды. Пушкин «Поэзия – әпенделеу болуы керек»,-депті. Олай болуы да заңдылық шығар. Алайда біз жастардың бойынан әпенділіктен гөрі зияткерлікті байқай түстік. Жиналған жастардың кейбірінің жанарынан жасырын романтиканы аңғардық. Поэзияның құдіреті сол – айсбергке айналған жүректерді жібітетіндігі. Әсіресе, жастардың жанары ештеңені жасыра алмайды ғой. Жүректердің дүрсілінде сезімнің лүпілі қылаң беретіні содан да болар... Бұл әрине, өлеңсүйер қауымқа қатысты. Әйтпесе ақындарыңыз өлеңімен әуре болып жүрді бұл күні.

Жастардың ағаларды ағаламай, байларды жағаламай өткізген бұл басқосуы көпшіліктің көңілінен шыққанына шүбәміз жоқ. Шығыстың шайырлары тамсана жырлаған Таразда осындай басқосулардың өтіп тұрғаны ләзім. Жанарында жалын атқан жастар жаңашыл іспен талайларға үлгі көрсетті. Енді басқармадағылар мен басқа жақтағылар ойланса, құп. Ізденістің ізіне түссе, қиын ештеңе жоқ екенін құлақтары керең, көздері соқыр болмаса, көріп отыр ғой.

Связанные Статьи