«Жасыл экономикаға» жалпы болып жұмылар кез жетті

/image/2019/08/19/crop-3_47_277x492_3c4995bae4d114b51a02d9695e4e6b55_l.jpg

Қазіргі таңда баламалы қуат көзін пайдалану арқылы энергияны үнемдеу – күн тәртібіндегі басты мәселеге айналған. Сондықтан әлемнің көптеген елі "жасыл экономикаға" көшіп жатыр. Технологиялар дамып, зауыттар көбейген қазіргі қоғамда таза ауа, таза табиғатты сақтап қалу әлем елдерінің басты проблемасы. Зауыттардан, автокөліктерден шыққан газдардың кесірінен азот қабатына қауіп төніп тұрғаны жайлы ғалымдар дабыл қағуда. Осы мәселені шешуде "Жасыл экономикаға" көшу басты жол саналады.

Елде 2013 жылы аталған бағыттағы бастамаларды жандандыру үшін арнайы тұжырымдама қабылданды. Ондағы басым бағыттардың қатарында ресурстарды (су, жер, биологиялық және басқа) пайдалану мен оларды басқару тиімділігін арттыру; қолда бар инфрақұрылымды жаңғыртып, жаңаларын салу; қоршаған ортаға қысымды жұмсартудың рентабельдік жолы арқылы халықтың әл-ауқаты мен қоршаған ортаның сапасын арттыру; ұлттық қауіпсіздікті, соның ішінде су қауіпсіздігін арттыру сынды міндеттер бар.

"Жасыл экономикаға" көшу бойынша тұжырымдама үш кезеңмен жүзеге аспақ. Алдымен ресурстарды қолдануда оңтайландыру жұмыстарын жүргізіп, қоршаған ортаны қорғау қызметтерінің тиімділігі көтерілмек. "Жасыл экономикаға" өтуге мүмкіндік беретін қажетті инфрақұрылым құрылмақ. Бұл міндеттемелерді 2020 жылға дейін іске асыру жоспарланып отыр.

Екінші – 2020-2030 жылдарға арналған кезеңде қалыптасқан база негізінде суды пайдалануда ұқыптылықты басшылыққа алу, энергетикалық технологияларды дамыту, кеңінен өндіріске енгізу қолға алынбақ. Құрылыс жұмыстарын салуда энергия тиімділігі стандарттарын ескеріп, соның базасында бағдарлау арқылы отандық экономиканы жаңа белеске бастау көзделуде.

2030-2050 жылдарды қамтитын кезең "үшінші өнеркәсіптік төңкеріс" аталатын қағидаттарға көшумен сипатталмақ. Ол кезеңде табиғи ресурстар толықтай жаңартылып, қолданылуында тұрақтылық орнауы тиіс.

Германия, Оңтүстік Корея сынды елдер бүгінде "жасыл экономика" саласындаға жетекші ойыншылар. Олар соның арқасында тек табиғатқа қамқорлық танытып, экологиялық таза аймақта өмір сүріп қана отырған жоқ. "Жасыл" технологияның арқасында көп-көрім пайдаға кенелу үстінде. Озық отыздықты көздеп отырған Қазақстан осы тағылеттес әлемдік тәжірибелерге қарап, алмасатын тұстарды көбірек кәдеге жаратуға тырысуда. Ол үшін әуелі қоқыс өңдеу өндірісі қолға алынбақ.

Жуық уақытта ел бойынша қоқыс өңдеуші 40-тан астам кешен салу жоспарланып отыр. Соның алғашқы қарлығаштарының бірі – ел кіндігіндегі испандық соңғы технологиялық жетістіктер негізінде жұмыс жасайтын зауыт. Кәсіпорын жылына 400 мың тоннаға дейін қоқыс өңдеуге қауқарлы.

Табиғатты аялау мәселесінде халық мәдениеті деңгейінің алатын орны аса маңызды. Қоршаған ортаны ластамауға әркім мүдделі болып, соны қадағаласа, табиғатқа келер зиян мен төнер қауіп анағұрлым азаяр еді. Қазіргі таңда Қазақстанда да Еуропа елдеріндегідей тамақ қалдықтарына, пластмасса, целлофан пакетке арналған бөлек қоқыс жәшіктері қойылып жүр. Бірақ оны дұрыс қолданып, ереже сақтап жүргендер аз. Көбі барлық қоқысты "лақ" еткізіп, бір жәшікке қотара салады. Өркениетті елдегідей бұқараның санасы өспей, табиғатқа жанашырлық сезіммен қарамай, істің оңға басуы қиын. Еліміз межелеп отырған отыз дамыған елдің сапынан көріну үшін технологиялық мүмкіндігімізбен қатар, елдің мәдениеті мен санасы да кенже қалмауы тиіс.

"Жасыл экономикаға" көшудің мемлекеттік тұжырымдамасы бар. Көптеген іргелі істер қолға алынуда. Енді өзіміздің, ұрпағымыздың болашағы үшін "жасыл экономикаға" жалпы болып жұмылар кез жетті.

Оставить комментарий

Связанные Статьи