Жамбыл облысы аумағында жабайы қызғалдақтың 20 түрі гүлдейді. Оның 12-сі 2007 жылы Қызыл кітапқа енгізілген. Бұл қатардан Кауфман, Грейг қызғалдақтарын да кезіктіруге болады деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында Қазақстанды қызғалдақтың отаны ретінде сипаттайды. «Қазақстан аумағындағы Шу, Іле тауларының етегінен әлі күнге дейін жергілікті өсімдіктер әлемінің жауһары саналатын Регель қызғалдақтарын бастапқы күйінде кездестіруге болады... Бүгінде жер жүзінде қызғалдақтың 3 мыңнан астам түрі бар, олардың басым көпшілігі – біздің дала қызғалдағының «ұрпағы». Қазір Қазақстанда қызғалдақтың 35 түрі өседі» делінген Елбасы мақаласында. Сондықтан кейінгі ұрпақ санасына туған жердің қадірін біліп, ондағы әсемдік пен сұлулықты бағалай алуы маңызды. Қазір қазақ даласында Кауфман, Колпаковский, Борщов, Грейг , Зинаида секілді қызғалдақтардың түрлері гүлдейді. Бір ғана Жуалы ауданындағы Берікқара шатқалында қызғалдақтың сирек кездесетін 5 түрі өседі екен. Сондықтан да Берікқара шатқалы ресми түрде қызғалдақтың әлемдік отаны деп саналады. Кей деректерде қызғалдақ экспортымен әлемге танымал Голландияға бұл гүлдің Берікқара шатқалынан барғаны туралы айтылады.
–Қызғалдақ Жамбыл облысының туристік брендінің біріне айнала алатындығы еш күмән туғызбайды. Жасыратыны жоқ біз әлі де жабайы қызғалдақтың қадірін білмей отырмыз. Егер ұқыптап қарай алсақ гүлдің бұл түрін ұлттық байлығымыз саналауы да ғажап емес. Қазіргі таңда Қазақстанда қызғалдақтың 35 түрі болса оның 18-і Қызыл кітапқа енгізілген. Өйткені олардың таралу аймағы да жыл санап қысқаруда. Мұның бірден бір себебі адамдардың табиғатқа деген жанашырлығының жоқтығы болып отыр. Заң жүзінде біздің елде қызғалдақтың сирек кездесетін түрлерінің сабағын да, баданасын да жұлуға тыйым салынған. Соған қарамастан отандастарымыз бір сәттік қызық үшін гүлге қолып созып, оны қурап қалған соң қоқысқа тастайды. Гүлдердің жабайы түрлері негізінен табиғи жолмен ұрықтану арқылы көбейеді. Жұлынған бір гүлдің орны толуы үшін көп уақыт керек. Осыны азаматтардың түсіне алмай жүргендігі қынжылтады, - дейді биолог И. Прозорова.
Айта кету керек облыс аумағында жыл сайын азаматтарды жабайы қызғалдақтың қадір-қасиетін білуге шақыратын ауқымды шаралар ұйымдастырылып тұрады.
Оставить комментарий