Көппартиялық жүйе Қазақстанға тиімді ме?

/image/2019/09/20/unnamed-5.jpg

Тәуелсіздік алған жылдардан бастап, елімізде қозғалыстар мен
партиялардың үні естілді, олардың жұмысы жандана бастады. Расын айту
керек, кешегі күнге дейін елімізде оннан астам партия болды. Бірақ бүгінге
жеткені шамалы-ақ. Мұның себебі неде? Себебі көп. Партия құру оңай
емес. Артында қаржысы мен қолдаушысы жоқ партия ешқашан өміршең
бола алмайды. Бұл бесенеден белгілі. Бірақ шамасына қарамай әлі де
қозғалыс құрып, партия төрағасы болғысы келетіндер соңғы кезде көбейіп
барады. Бірақ олардың дегені бола қояр ма екен! Күдікті.
Бірақ айта кететін бір нәрсе, партия құрудың өз қағидалары мен ережелері
бар. Соны ұмытпауымыз керек.
Рас, Қазақстан қоғамында көппартиялық жүйені қалыптастыру – заман
талабы. Өзі өмір соған алып келе жатыр. Мұны жоққа шығара алмаймыз.
Парламент сайлауы да қыр астында. Сондықтан келесі сайлау додасына
жаңа бір партия құлшына шығып, электоратты соңына ерте алса, жақсы.
Бірақ «солай болады» дегенге сену қиын. Өйткені ақиқатын айту керек,
ешқайсысы «Нұр Отанға» жете алмайды. Қазір еліміздегі жетекші
партияның қуаты күшті. Оның төрағасы - Қазақстанның Тұңғыш
президенті, Елбасы – Нұрсұлтан Назарбаев. Сондықтан да төрағасы мықты
саяси партия қалай айтқанда да үгіт- насихатын жақсы ұйымдастырады.
Оның үстіне шын мәнінде қазір Нұр Отан» – қуатты партия. Ел
электоратын соңына ертіп отыр. Ал Мәжілісте «Ақ жол» мен Қазақстан
халықтық коммунистік партиясының мүшелері көп емес. Олар бар-жоғы 7-
8 дауыс қана алған. Сондықтан алдағы сайлауда да «Нұр Отанның» бәсі
басқалардан жоғары тұратыны сөзсіз. Бірақ біздің болжам бойынша
алдағы жеті-сегіз айда жаңадан партия құрылып, халықтың басым даусына
ие болады деу сенімсіз. Бұл мүмкін емес нәрсе. Сондықтан аталған екі -үш
партия тағы да парламентке қайтадан баруы ықтимал.
Бірақ қазір көшеге шығып, шулап жүрген кейбіреулер мына бір мәселені
түсінсе дейміз. Ең дұрысы, еліміздегі партияларға мүше болу. Сол арқылы
бүкіл мақсат -мүддеңді жүзеге асыруға болады. Мысалға алатын болсақ,
«Нұр Отан» партиясының азаматтарды қабылдайтын арнайы күндері бар.
Келген адамның шағымын тыңдайды да, олардың мәселелерінің жүзеге
асуына көмегін тигізеді. Басқа да партияларда осындай қабылдау
бөлмелері ашылуы тиіс. Сонда ғана халық саяси партияларға жақын
болады, олармен бірлесіп жұмыс істейді, мұң-мұқтажын айтып барады.
Расында да біздің басты мақсатымыз біреу: Ол –
Қазақстан мемлекеттігінің нығаюына қызмет ету. Бар күшті осы игі
мақсатқа, бірлікке, ынтымаққа жұмылдыруымыз керек. Қазақстанда

«Саяси партиялар туралы» заң бар. Бәрі де соның аясында жұмыс істейді,
қызмет етеді. Өйткені...
1. Саяси партиялар заң алдында бірдей.
2. Қазақстан азаматы бір ғана партияға мүше бола алады.
3. Азаматтар діни, ұлттық, нәсілдік белгілері бойынша ешқашан партия құра алмайды.
Бұл түсінікті де. Әрине, бір ғана бағытты ұстанған партияны халық қолдай қояды деп айту қиын. Әлемде мұндай партиялар жоқ. Бір ғана мысал, Украинада Петр Порошенконың президенттігі тұсында радикалдық бағытты ұстанған, бірнеше ұлтшылдықты ту еткен партия болды. Олар алғашқыда Жоғары Рададан белгілі бір мөлшерде дауыс алды, халықтың аздаған бөлігінің сеніміне ие болды. Бірақ олар Владимир Зеленскийдің президенттігі тұсында, яғни биыл жазда өткен парламенттік сайлауда ешқандай дауыс ала алмады. Бұл түсінікті. Халық ұрандатқан мұндай радикалды саяси ұйымның келешегі жоқ екенін біледі. Сондықтан бір
бағытта ғана жұмыс істейтін партиялар ешқашан өміршең бола алмайды. Бұл қоғамның шынайы көрінісі. Ал Қазақстандағы партиялар мұнлай бір
бағытты ұстанып отырған жоқ. Сондықтан біздің халық сауатты, мәселенің ақ-қарасын ажыратады. Құқықтық зайырлы мемлекет құру жолында әрине бізге азаматтық белсенділіктің артқаны керек. Мұны уақыттың да өзі дәлелдеп отыр. Негізі біз революциялық емес, эволюциялық жолмен дамуды қалаған елміз. Халықтың да таңдауы осы.
Уақыт өзгереді, талап та барған сайын артып келеді. Сондықтан
Қазақстанда көппартиялық жүйенің болуы қоғамның сұранысынан туып отыр деп ойлаймыз.
Ал көппартиялық жүйе тиімді ме? Әрине тиімді.
1. Ең алдымен саяси электораттың таңдау құқығы артады;
2. Саяси партиялар арасында бәсекелестік күшейеді;
3. Халықтың да азаматтық белсенділігі артады;
4. Мәжілісте те саяси тартыс өрбиді;
5. Фракциялар арасындағы күрес те күшейеді.
Әрине, мұның бұдан да басқа тиімді жақтары өте көп. Басты мәселе
–партиялар үшін Қазақстандағы саяси электораттың басым дауысын алу.
Өйткені халықтың сенімен ие болғаннан артық құнды нәрсе жоқ. Негізі  қоғамдағы бар мәселе азаматтардың белсенділігіне келіп тіреледі.. Халық қай партияға сенеді, соған дауыс береді, президенттік сайлауда қай үміткерді таңдайды, ол – өзінің конституциялық құқы. Ал мемлекет халыққа бар жағдайды жасап отыр. Биылғы жазда 9 маусымда өткен президенттік сайлауда «Нұр Отан», «Ақ жол», Коммунистік халықтық партиясы мен «Ауыл» партиясының кандидаттары президенттік сайлауда бағын сынады. Мемлекет тиісті заңдылықтарға сәйкес, ешкімнің құқын шектеп отырған жоқ. Партияның ғана емес, қоғамдық бірлестіктердің атынан да президенттік сайлауға түсуге болады. «Сайлау туралы» заңға сәйкес, құқықты бұзбай, үгіт-насихат жұмыстарын сауатты жүргізсе болды. Президент Тоқаев сайлаудың әділ өтуіне уәде берді. Ал оның нәтижесі көпшілікке  белгілі. Бұдан шығатын қорытынды не? Мемлекет жаңа реформаға, соны өзгерістерге бет бұрды. Мұндай жағдайда партиялар да сапалы жұмыс істеуге көшеді.

Президент Тоқаев 2 қыркүйекте Қазақстан халқына Жолдауында «Біз қоғам игілігі үшін сындарлы саясат жүргізіп келе жатқан басқа да саяси партиялармен және қозғалыстармен ынтымақтастықта жұмыс істеуіміз қажет. Қоғамды толғандырып отырған негізгі мәселелер көшеде емес, Парламентте және азаматтық диалог аясында талқыланып, шешімін табуы тиіс.

Мемлекет басшысы ретінде елімізде көппартиялықты, саяси бәсекелестікті және ой-пікірдің сан алуандығын дамытуға ықпал етуді өз міндетім деп санаймын. Бұл саяси жүйе тұрақтылығының ұзақ болуы үшін маңызды Алдағы Парламент Мәжілісі мен мәслихаттар сайлауы еліміздегі көппартиялық жүйенің дамуына оң ықпал етуі тиіс» деп атап көрсетті.

Демек, көппартиялық жүйе керек. Президент айтқандай, «саяси жүйенің тұрақтылығы үшін» бұл өте маңызды және тиімді.

Оставить комментарий

Связанные Статьи