Халықты әлеуметтік қорғау және қамсыздандыру шаралары мемлекетіміздің ұстанған басым бағыттарының негізі. Әрине тұрғындардың тұрмысын түзеу мен әлеуметтің әлеуетін арттыру Елбасының да, Президенттің да Жолдауында баса айтылды. Сондықтан бұл бағытқа Жамбыл облысында айрықша басымдық берілуде деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі. Мәселен Жамбыл ауданында жұмыссыздық деңгейі 4,5% ғана. Күнкөрістің ең төменгі деңгейінің шамасы халықтың орта есеппен жан басына шаққанда 27 485 теңгені құрады.
2019 жылы жоспар бойынша 1 474 адам жұмыспен қамтылды (жоспар – 2 763 адам). Жоспар 53,3%-ға орындалды. Оның ішінде: 257 адам қысқа мерзімдік кәсіптік оқытуға, 123 адам кәсіпкерлік негіздерін оқытуға жолданды және 45 адамға шағын несие берілді, 460 адам тұрақты жұмысқа, 108 адам әлеуметтік жұмыс орындарына, 216 адам жастар тәжірибесі бойынша, 265 адам ақылы қоғамдық жұмыстарға тартылды.
Ағымдағы жылы жұмыспен қамту бөліміне 1 564 адам жұмысқа орналасуға өтініш білдіріп, оның 1 049-ы қамтылды. Уәкілетті органдар арқылы жұмыспен қамтылу деңгейі – 67,0%-ды құрады.
Биыл 2 670 отбасының 13 387 мүшесіне 829 425,6 мың теңге мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды және 2018 жылдан өтпелі соманы қоса алғанда 978 616 мың теңге төленді, 468 отбасының 2 625 мүшесіне 11 389,0 мың теңге тұрғын үй жәрдемақысы төленді, 103 отбасыдағы 108 үйде оқытылып жатқан мүгедек балаларға 3 400 мың теңге жәрдемақы тағайындалып, төленді. Жергілікті өкілетті органдардың шешімі бойынша мұқтаж азаматтардың жекелеген топтарына бір реттік әлеуметтік көмек 544 адамға 27 911 мың теңге тағайындалып, толық төленді.
Аудан бойынша 2 605 мүгедектер тіркелген, оның 1 топтағысы 193 адам, 2 топтағысы 758 адам, 3 топтағысы 1 166 адам, 16 жасқа дейінгі мүгедек балалар саны 488 адам.
Жалпы 2019 жылға мүмкіндігі шектеулі 41 азаматты жұмыспен қамту жоспарланған. Қазіргі таңда 37 азамат жұмыспен қамтылды. Оның ішінде "Жастар практикасы" арқылы 1 адам, 4 адам ақылы қоғамдық жұмысқа, 3 адам әлеуметтік жұмыс орындарына, 5 адам қысқа мерзімдік кәсіптік оқытуға және 9 адам кәсіпкерлік негіздерін оқытуға жолдама алды, 5 азаматқа шағын несие берілді, 10 адам тұрақты жұмыспен қамтылды.
Аудандық мекемелерге мүгедектердің кіріп-шығуына жағдай жасау мақсатында 2019 жылға 10 нысанды бейімдеуге 4 146,0 мың теңге бөлінді.
Оставить комментарий