Суару жүйелері жаңартылмақ

/image/2019/10/16/crop-47_141_1411x2509_suaru-dguyeleri-dganhartylmaq.jpg

Байзақ ауданында суармалы алқаптарға су жеткізетін 72 су жолы қайта жаңартылмақ. Бұл туралы аудандық Қоғамдық кеңестің отырысында баяндама жасаған Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Су ресурстары комитеті “Қазсушар” шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнының Жамбыл филиалының басшысы Қазыбек Бедебаев айтты.

Аудан әкімі Нұржан Нұржігітов, «Су ресурстары комитетінің су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі Шу-Талас бассейндік инспекциясы» РММ басшысы Ағыбай Дәуренбеков қатысқан отырыста “Аудан көлеміндегі ауыл шаруашылығының дақылдары өндірілетін егіс алқаптарына су тасымалдайтын суландыру жүйелерін және ондағы су реттегіш құралдарының техникалық жағдайларын жақсарту, егіс алқаптарына су бөліп беріп отыратын мамандардың жауапкершілігін арттыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы” Жамбыл филиалының басшысы Қазыбек Бедебаев хабарлама жасады.

Хабарламашы «Байзақ» өндірістік бөлімшесі аудан аумағында орналасқан ауыл шаруашылығы мақсатындағы 32 553 гектар егіс алқаптарына суармалы су беру бойынша қызмет көрсететінін, өндірістік бөлімше теңгерімінде “Темірбек” және “Талас” су торабы, 648,707 шақырымды құрайтын 105 дана канал және 8 коллекторлық дренаж жүйелері бар екенін айтты.

– Бұдан өзге өткен жылы 14,412 гектар жерге келісім-шарт жасалып, 78,158 млн. текше метр су берілсе, ағымдағы жылы 18,456 гектар жерге келісім-шарт жасалып, 112,626 млн. текше метр су берілген. Жамбыл филиалының тапсырысымен Қырғыз Республикасының вегетация мерзімінде судан қиыншылық көргендіктен, құны – 63,9 млн. теңгеге ұзындығы 85 шақырымдық 10 каналға жүргізілген механикалық тазалау жұмыстары жүргізілді. Аталған каналдар арқылы өткен жылы 1304 гектар жер суарылса, ағымдағы жылы 2707 гектар жер суарылған. Одан бөлек аудан аумағында жоспарланған су шаруашылық нысандардың құрылыс жұмыстары да назардан тыс қалмады. Техникалық жағдайы нашар, 40-50 жылдай жөндеу жұмыстары жүргізілмегендіктен су ысырабы жоғары, қамыс басып, қоқысқа толса, бетонды каналдардың лотоктары сынған, су өлшеу бекеттері жарамсыз болып кеткен. Осыған орай, Елбасының тапсырмасына сәйкес, суармалы жерлерді қайта қалпына келтіру бағдарламасы аясында аудан бойынша жер көлемі 14 098 гектар болатын 72 нысанда қайта жаңғырту көзделуде, – деді Қ. Бедебаев.

Хабарламадан соң Қоғамдық кеңестің “Аграрлық саясат, ауылдық аумақтарды дамыту, табиғатты және жер ресурстарын пайдалану, техногендік үрдістер, кәсіпкерлікті қолдау, құрылыс, көлік және коммуналдық шаруашылық салаларын дамыту мәселелері жөніндегі комиссиясы” төрағасы Серік Ермеков қосымша баяндама жасады. Сонымен қатар, аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Болат Сағынбеков, Жалғызтөбе ауылдық округінің әкімі Қанат Телеуов, облыстық Қоғамдық кеңестің мүшесі, “Талап” шаруа қожалығының жетекшісі Мауыт Фазулов пікірлерін білдірді.

Оставить комментарий

Связанные Статьи