Абдулла ишан мешіті әлі күнге діни мінәжат орны ретінде кәдеге жарап келеді

/image/2019/10/16/crop-26_43_762x1355_abdolla-ishan.jpg

Өз заманында аса көрнекті дін қайраткері болып, замандастарын иманға шақырған Абдулла-ишан Сайдидің мешіті де бүгінде жамбылдықтар үшін қасиетті орын саналады. Талас ауданының Үшарал ауылында орналасқан мешіт әр жылдары Жамбыл облысының республикалық дәрежедегі мемлекеттік тарих және мәдениет ескерткіштерінің тізіміне және «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы бойынша Қазақстанның өңірлік қасиетті нысан ретінде тізімге алынған, деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі. 

Бұл мешіт жергілікті діндар Саитбаттала-хазрат отбасында дүниеге келген Абдулла-ишан Саидидің құрметіне салынған. Аумалы-төкпелі заманға қарамастан қажылыққа екі рет барған Абдулла-ишан жергілікті тұрғындардың өтінішіне құлақ асып, медреседе балалардың діни сауатын ашумен айналысқан.

Өз ғұмырын толықтай тақуалыққа арнаған жан 1836 жылы дүниеге келген екен. Ата-анасынан жастай айырылып, жетім қалған баланы нағашы атасы бауырына басады. Әскери борышын генерал Перовскінің әскери құрамында өтеген Абдулла Ишан патшалық Ресей империясымен Қоқан хандығы арасында болған ұрыстарға қатысады. Әскери қызметтен соң ишан көп ұзамай діни сауатын жетілдіруді мақсат етеді. Осылайша ол Бұқара, Хорезм, Стамбулдағы діни оқу орындарында ислам дінінің қыр-сырына терең бойлайды. Діни білім жетілдіру жолындағы 30 жылға созылған осы сапар кезінде екі рет қажылыққа барып, Бұқара жерінде медресе ашып шәкірт тәрбиелейді. Сөйтіп жүріп араб, парсы тілдерін және шешендік өнерді де жетік меңгерді. Сопылық ілімнің жалғастырушысы ретінде Абдулла ишан өзі туып өскен өлкеде де атақ-абыройдан кенде болмады. Оның ізін жалғастырушылар да табылды.

Абдулла ишан 1914 жылы өмірден өтсе де оның құрметіне соғылған мешіт әлі күнге дейін жергілікті халық үшін діни мінәжат ететін орын қызметін атқарып келеді. Күйдірілген кесектен салынған көк күмбезді мешіт барынша сән салтанатпен салынған. Уақыт өте мешіт ғимаратаның күмбездері мүжіліп, қираған. Сондықтан жергілікті оны 1947-2004 жылдар аралығында қайта қалпына келтіру жұмыстарын жүргізген. Қабырғаларын берік ету мақсатында оның жекелеген бөліктерін қайта тұрғызуға тура келген. Расында 100 жыл бұрын салынған бұл мешіттің уақыт сынына төтеп беріп, оған қоса діншілдікті ұрандатқан Кеңес үкіметі жандайшаптарының қирата алмауының өзі де оның киелілігін нақтылай түседі.

Связанные Статьи