Ауыл тұрғындарының сұранысын "Аяулым" қанағаттандырып отыр

/image/2019/10/17/crop-7_9_294x392_auyl-turghyndarynynh-suranysyn-ayaulym-qanaghattandyryp-otyr.jpg

Жамбыл облысында 1 мен 6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен толық қамту мақсатында балабақшалар мен шағын орталықтар көптеп ашылуда. Нәтижесінде, балдырғандарды қамту көрсеткіші 100 пайызға жуықтап қалды. Мұндай нәтижеге аудандарда балалар бақшаларын ашу ісінің ілгерілеуі де өз септігін тигізіп отыр.

Балабақша ашуды мықтап қолға алған аудандардың бірі – Т. Рысқұлов ауданы. Аудандағы Ақыртөбе ауылында қазір екі балалар бақшасы бар. Оның біреуі мемлекеттік те, екіншісі, жекеменшік бөбекжай. Аудандық білім беру бөліміне қарайтын «Болашақ» балабақшасына 65 бүлдіршін барып жүр. Бұрын ауданда балаларды бақшаларға орналастыру әжептәуір мәселе еді. Кейінгі кезде аралас яғни, мемлекеттік бақшамен жекеменшік бақшаның серіктесуі арқасында пайда болған мекемелер көбейіп, бақша кезегі анағұрлым азайған. Айту ләзім, кәсіпкерлер өз қаражаттарына бақша салып, оны жартылай мемлекет меншігіне өткізіп, бірлесе жұмыс істеуде. Мұндай жағдайда мемлекет тарапынан әр балаға 24500 теңге қаражат бөлінеді.

Ақыртөбе ауылында өткен жылдың қыркүйек айында ашылған «Аяулым» жекеменшік бөбекжайында бүгінде елу бүлдіршін тәрбиеленуде. Бөбекжайды ашқан ауданымызға белгілі партия және мемлекет қайраткері болып зейнетке шыққан «Қазақстан Республикасының Білім беру ісінің Құрметті қызметкері» Зәуреш Орынқұлқызы Тойбекова. З. Тойбекованың Ақыртөбе ауылынан жекеменшік бөбекжай ашуы алдымен ауыл тұрғындарына жасаған үлкен жақсылығы болды.

– Бөбекжай ашу көптен бері ойымда жүр еді. «Туған жерге туыңды тік» демей ме? Ауылдағы бір балабақша жалпы тұрғын халықтың сұранысын өтей алмайды ғой. Сондықтан он үш-он төрт бөлмелі тұрғын үйді бөбекжайға айналдырып, асханасына дейін салып, бітірдік. Төрт тәрбиеші, бір әдіскер, бір хореограф, екі бала күтуші мен екі аспаз, барлығы 23 адам балаларға аянбай қызмет көрсетуде, – дейді Зәуреш Орынқұлқызы шырт ұйқыда жатқан бүлдіршіндерді оятып алмайын деп, ақырын сөйлеп.

«Айына алты мың төлемақы деген не тәйірі, ең бастысы балаларымыз қараусыз көшеде қалмай мейірімді де кішіпейіл адамдардың қамқорлығына көшті» дейді қазір кез келген ауыл тұрғынынан сұрай қалсаңыз. Әйткенмен «Аяулымға» кезекте тұрғандардың саны 20-ға жетіпті.

Мұнда балалардың да, тәрбиешілердің де бос уақыты жоқ. Бөбекжайда бәрі де алдын ала жасалған жоспар, бағдарламаға сәйкес өтеді. Дегенмен бақша меңгерушісі Зәуреш Тойбекова алдын болжап, алдағы жылы тағы да 50 балаға арналған мектепке дейінгі дайындық тобын ашуды көздеп отыр.

Сол үшін арнайы жер бөлініп, алдағы көктемде құрылыс жұмыстарын бастамақшы болып отыр екен.

Оставить комментарий

Связанные Статьи