Қазақтар президентін қалай сыйлайды?

/uploads/thumbnail/20170708190127131_small.jpg

Президентті әлдекімдер мақтаса, бір ауыздан бәріміз оны жағымпаз деп шығамыз. Шын мәнінде біз президентті сыйлай аламыз ба? Қазіргі президентіміз- кешегі хандарымыз ғой. Олай болса, сол хандарды қалай сыйладық? Меніңше сыйламақ тұрмақ, бізден хандарымызға ештеңе бұйырмаған екен.

Әлдекімдер қазақта ешқашан мемлекет болмаған деп даурыға сөйлей бастағанда Елбасымыз  «2015 жыл - Қазақ хандығының 550 жылдығын тойлайтын жыл»,- деп ескерткен еді. Содан не керек, той дайындығы Қазақ хандығы туралы кино түсіруден басталмақ болған.  2014 жылдың аяғын келер жыл- «Қазақ хандығының 550 жылдығы» деп айғайлап өткіздік. Күткен 2015 жыл басталған соң, ресми орындардан осы жылдың негізгі тойына қарағанда қосымша тойларға деген дайындықтың қызулығы білінген еді. Жылдың алғашқы жартысы өтті, әлі сыбыс жоқ. Дүрілдетіп айбыны асқақ Елордамыздың тойын да өткіздік. Елорда тойы өткен соң, барып «Қазақ хандығының 550 жылдығын» өткізетінімізді еске алдық. Үкімет бюджетке қараса, мардымды ақша қалмапты. Кино түсіреміз деген уәде бойынша халықтан ақша жинап қамдануға тура келді, себебі мемлекеттің қаражатынан мемлекеттің іргесін қалаған хандарға ақша бұйырмапты.

Қазақта аты тарихта қалған неше түрлі астар өткен еді, қазір бас басымызға ата- бабамыздың асын өткізбесек те, батыр аталарымыздың асын өткізіп, 200- 300 жылдықтарын ел көлемінде, тіпті халықаралық дәрежеде өткізіп жүрміз. Райымбек батыр мен Ер Жәнібектің 300 жылдығының жанында Абылай ханның 300 жылдығы жетім қыздың тойындай өткені белгілі. Батыр бабаларымызды еске алып, ұлы тойды ел азаматтары, үкіметке қарамай –ақ,  күш біріктірп хандарымызды еске алып тұрса одан да мерейлі қылып өткізер еді.

Әр қала, әр облысқа барсаңыз қаланың кіре берісінде тағы да батырларымыздың ескерткішетері тұрары сөзсіз. Талдықорғанның шетін Қабанбай батыр қорғап тұрса, Алматының екі шетін Раймбек пен Наурызбай батыр қорғап тұр. Басқа қалаларда тағы солай, әр батырдың ескерткіштері орын алған. Батыры бар қазақтың хандары да болған ғой. Батырларымыздың басын қосқан хандарға неге орын бұйырмады екен деп таңқаламыз. Тәуелсіздіктің 24 жыл тарихында 14 облыста әрең Астанамызда ғана Жәнібек пен Керейдің ескерткіші бар екен. Сонда басқа қалаларымзға өзге де хандарымзды орнатуға болмай  ма?

Қалалар мен облыстардың  аттары кісі есімімен аталмайды дейді. Алайда біздің елде орыстың патшасына бір облсытың аты берілгенін білемісіз? Естеріңізге болса өткен жылдың желтоқсанында «Петропавл мен Павлодар Керей мен Жәнібек  деп аталсын»  (http://old.qamshy.kz/?p=16716)  деген ұсынысымызды да жазып, Қазақ хандығының 550 жылдығына орай орыстың патшасымен аталған облыстарды өз хандарымызға алып берсек деген едік. Интернет қолданушы қауымның қолдауына ие болса да, үкімет тарапынан ешкімнің құлағы елең етпеді.

Абылай ханнан басқа хандарымызға көше де бұйырмапты. Осы орайда «Қамшы» порталында  Берік Әбдіғалидің Интернет-конференция барысындағы жауабына ден қоя кетсек : «Ертең Қазақ хандығын тойлаймыз деп отырғанымызбен, қазақ хандары туралы әлі толық білмейміз. Әлі халық Абылай мен Әбілқайыр ханнан өзгелерін білмейді. Ескерткіш сол екеуіне ғана қойылады. Керей- ол тұңғыш хан. Қазақтың тұңғыш ханына Астанадан бір көше бере алмаймыз ба? Қасынан болсын бір үлкен көше - Жәнібек көшесі деп берілсе. Керей-Жәнібек деп бір кішкентай ғана көше беріп қойыпты. Мемлекеттің іргесін қалаған хандардымызды әлі бағалай алмай жүргенімізді осыдан-ақ аңғаруға болады. Керей-Жәнібек көшесі Астананың төрінде емес, бір шетінде. Олар қазақтың ең үлкен хандары, әрқайсысы бірге басқарды деуге болмайды, жеке басқарды. Керей 14 жыл басқарса, Жәнібек 9 жыл басқарды. Басқару аралығында 10 жыл айырмашылық бар. Ал қазіргі қазақтың бүтін жерін алып берген - Қасым ханның ешқандай ескерткіші, көшесі де жоқ қой. Қазақ хандығын тойлағанда Астанадан, Алматыдан, бүкіл Қазақстанның қалаларындағы Лениннің атындағы көшелерді Республика демей, бәрін Қасым хан деп беруге болар еді».

Міне бұның бәрі - қазіргінің ханы да, қарасы да ойлана жүрер мәселелер. «Атаңа не қылсаң, алдыға сол келеді» дегендей Жәнібек пен Керей ханнан бастап Кенесарыға дейінгі хандарымызды, ұлт көсемі Әлиханды, кешегі қазаққа 40 қала сыйлап кеткен кемеңгер басшы Дінмұхамет Қонаевты құрметтей алмасақ, келер ұрпаққа бүгінгі басшылардың да абыройы бола қоймас. Өткеннен өнеге түюді оларға біз әрекет арқылы үйрете аламыз.

Тұрдыбек Құрметхан

Связанные Статьи