10-шілде күні Башқұртстанның астанасы Уфа қаласында өткен ШЫҰ мен БРИКС саммитінде Өзбекстан Республикасының Президенті Ислам Каримов ШЫҰ кеңістігін әскери альянсқа айналдырмау керектігін айтты. Бұл туралы «Қамшы» порталы east-expert.com агенттігіне сілтеме жасай отырып хабарлайды.
Уфада өткен Шанхай ынтымақтастық ұйымының кеңейтілген отырысында Президент Каримов ұйым аясындағы бірқатар мәселерге кеңінен тоқтала келе, ШЫҰ өзгеріске жатпайтын негізгі бағытын қалпында ұстап, ресми тіркелген құжаттық негіздемелерді бекітіп, сақтауға шақырған.
«Қарапайым тілмен айтқанда, ШЫҰ-ға мүше мелекеттер басшылары өз тараптарынан қандай да бір тосқауылдарға (блок) жол бермеуі керек және ШЫҰ-ны әскери-саяси алянсқа айналдырмайықшы. Алдағы уақытта да біздің әуелгі ұстанымдарымызға сүйене отырып жұмыс жасау керек. ШЫҰ құрылар кездегі принціптерімізді ұмытпаған боларсыздар. Міне, сол ұстанымдардан ауытқымайық. Бұл міндет»,-дейді И.Каримов.
Сонымен қатар, Өзбекстан Президенті Ислам Каримов жаһандану кезеңіндегі әлемдік саяси жағдайлар мен глобалды деңгейдегі проблемаларды шешудегі ШЫҰ-ның ықпалы мен беделінің артып келе жатқандығын атап өткен. Сондай-ақ, Каримов баяндамасы ұйымға мүше елдер ішіндегі қауіпсіздікті сақтаудағы негізгі рөл ойнайтын фактор – ШЫҰ екендігіне және бұл ұйымға мүше болуға ұсыныс білдіріп жатқан мемлекеттердің саны артуын атап өтті.
Нұрсұлтан Назарбаев, ҚР Президенті:
-Бүгін ЕАЭО пен ШЫҰ кеңістігіндегі еркін диалог – дамудағы кең ауқымды трансконтиненталды бірлестіктің жетістігіне айналып отыр. ЕАЭО пен ШЫҰ-ның горизонталды қан тамырлары мен БРИКС-тің вертикалды қан тамырлары біріксе, әлемдік сауда нарығындағы бұрын-соңды болмаған қарқынды өсімді көрсетуге болады. Тіпті, жалпы бірігу немесе өз территорияларымыз арқылы еркін сауда кеңістігін ашу мәселелерін де талқыға салу керек.
-Қазақстан күн тәртібіндегі басты мәселе – адамдар арасындағы жауыздықты шешуде өзге мемлекеттермен күш біріктіруге дайын. Ондай мәселелердің бірі – терроризм. Қазақстан бұл мәселеде күш біріктіруге әркез дайын.
Сонымен, 10-шілде күні Башқұртстанның астанасы Уфа қаласында кезекті ШЫҚ және БРИКС (Бразилия, Ресей, Үндістан, ҚХР және ОАР біріккен кеңесі) өз жұмысын аяқтады.
Башқұрт астанасында белгілі болғандай ШЫҰ – бұл күні әлемдік саясаттағы бір-біріне тіс батырып жүрген мемлекеттердің бір жерде, бір үстелдің басында мәселені бейбіт шешу алаңына айналған. Саммиттің негізгі қорытындысы бойынша – үстіміздегі жылдан бастап Үндістан және Пәкістан мемлекеттері ШЫҰ-на толыққанды мүшесі болып қабылданды.
Ал БРИКС саммиті – әлемдік экономикадағы түйткілді мәселелерге тоқталған. Сонымен қатар, БҰҰ реформаларыны тездетуге және біржақты санкцияларға наразылық білдірген баяндама жасалған және «Ислам мемлекеті» террористік ұйымының қылмыстық әрекеттеріне қарсы шара қолдану мәселелері мен Украина жанжалдарына қатысты тараптарды Минск келісімдерін сақтауға шақырған.
Бұл жолғы БРИКС саммитінің басты жаңалығы – ұйым аясындағы бірінші қаржы институтының құрылуы болған. Ал аталмыш институттың құрылыуына ұйым ортақ қазынадан 200 млрд. доллар қаржы жұмсалатын болады.
Нұргелді Әбдіғаниұлы