Бүгін 23 тамыз Қазақстанның саяси тарихында жаңа кезең басталды. Елімізде Құрылтай депутаттарының алғашқы сайлауы өтіп жатыр. Бұл – жаңа мемлекеттік құрылым аясында заң шығару билігін жүзеге асыратын бір палаталы жоғары өкілді органды қалыптастыруға бағытталған алғашқы сайлау.
Бүгін біз Алматы қаласындағы сайлау учаскелерінің біріне барып, тұрғындардың Құрылтай депутаттарын сайлауға қатысып, өз таңдауын жасаған сәтіне куә болдық. Қаланың қақ ортасында, Ұлттық кітапхана ғимаратында орналасқан сайлау учаскесінде де азаматтардың қарасы қалың, бәрі белсенді түрде дауыс беру рәсіміне қатысып жатыр.

Құрылтай құрамына партиялық тізім бойынша 145 депутат бес жыл мерзімге сайланады. Сайлауға жеті саяси партия қатысуда. Олар:
- «Әділет» партиясы
- Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы
- Қазақстанның «Байтақ» жасылдар партиясы
- «Қазақстан Халық партиясы»
- «Ауыл» партиясы
- «Ақ жол» Қазақстанның Демократиялық партиясы
- «Respublica» партиясы.
Айта кетейік, орталық сайлау комиссиясының сағат 10:00-дегі алдын ала деректері бойынша, еліміз бойынша дауыс беру құқығы бар азаматтардың 17,96%-ы өз таңдауын жасап үлгерді.

Республикалық статистика мәліметтері (қазіргі ақпарат):
Сайлаушылардың жалпы саны: 12 605 788 адам.
Дауыс беруге қатысқандар: 2 264 411 азамат.
Өңірлер арасындағы белсенділікке тоқталсақ, таңғы сағаттарда Қызылорда облысы (22,91%), Қарағанды облысы (21,06%) және Жетісу облысы (20,87%) көш бастап тұр. Ал мегаполистер арасында Алматы қаласы (9,96%) әзірге бәсеңдеу көрсеткіш көрсетіп тұр.
Еске сала кетейік, еліміздің барлық сайлау учаскелерінде дауыс беру процесі кешкі сағат 20:00-ге дейін жалғасады.