Алматы облысында былтырдан бері 2536 отбасы баспаналы болды

/uploads/thumbnail/20260821213821174_big.webp автор

Алматы облысында 2025 жылдан бері 3181 пәтер сатып алынып, осы уақытқа дейін оның 2536-сы әлеуметтік осал топ санатына жататын азаматтарға үлестірілді. Одан бөлек жыл соңына дейін тағы 645 пәтер кілті табысталады. Аталған баспаналардың барлығы көпбалалы аналарға, қамқоршысынан немесе ата-анасынан айырылған жандарға және ерекше қажеттілігі бар азаматтарға беріледі, – деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.


Бүгін өңірде 54 отбасы баспана бақытына кенелді. Кілт табыстау рәсімінің бірі Талғар ауданының Тұздыбастау ауылында өтті. Бұл шараға Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев арнайы барып, тұрғындар қуанышына ортақтасты. Сондай-ақ 21 отбасыға сужаңа пәтер кілтін тарту етті.
Өңір басшысы өз сөзінде азаматтарды баспанамен қамтамасыз ету мемлекеттік саясаттың басты бағыттарының бірі екенін атап өтті. Марат Елеусізұлының сөзінше, бүгінде өңірде пәтер кезегінде тұрған 74 839 азамат бар. Оның ішінде Талғар ауданы бойынша 10 мыңға жуық адам тіркелген. Соңғы екі жылда Талғар ауданында 459 пәтер сатып алынған. Оның 252-сі өз иелеріне берілді. Ал бүгін 21 отбасы баспаналы болды.


«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халықтың әл-ауқатын арттыру, азаматтарға жайлы өмір сүруге жағдай жасау мемлекеттің басты міндеттерінің бірі екенін үнемі айтып келеді. Оның ішінде баспана мәселесі де маңызды орын алады.
Тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтардың мәселесі әрдайым назарымызда. Алдағы кезеңде де бұл бағыттағы жұмысты жүйелі түрде жалғастырып, тұрғын үй қорын ұлғайтуға басымдық береміз. «Үйі бардың – күйі бар» дейді дана халқымыз. Әр отбасының өз шаңырағы, өз үйі болғаны – елдің әл-ауқатының жақсарғанының бір көрсеткіші екені анық», – деді аймақ басшысы.
Баспаналы болған тұрғындардың бірі – 6 баланың анасы Гүлмира Құдайбергенова. «2012 жылдан бері үй кезегінде тұрып, бүгін үш бөлмелі пәтерге қол жеткіздім. Алты перзентім бар. Бір балам ерекше болып дүниеге келді. Жаңа пәтеріміз көңілімізден шықты. Іші кең, жарық әрі жайлы. Баспаналы болатынымды алғаш естігенде сенер-сенбесімді білмедім. Қатты толқыдым. Балаларымның да қуанышында шек жоқ. Осындай мүмкіндік сыйлаған жандарға алғыс айтамын», – деді тұрғын.


Айта кетейік, бүгін облыстың өзге аудандарындағы тұрғындар да қоныс тойын тойлады. Мәселен, Қарасай ауданында 20, Іле ауданында 13 азамат пәтер иесі атанды. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады.

Қатысты Мақалалар