Медициналық қызмет пен жалпы денсаулық сақтау саласының әлеуетін арттыруда ең әуелі мамандардың біліктілігіне иек артылатындығы айтпаса да түсінікті жайт. Ал салаға білікті мамандарды тарту үшін олардың әлеуметтік жағдайын жасау, еңбек жалақысын жоғары етіп төлеу қажет.Мұнан бөлек денсаулық сақшыларының кәсіби біліктілігін жетілдіріп отыру да заман талабы. Бұл орайда, жамбылдық медицина саласы қызметкерлері де лайықты жалақы төленіп, құзіреттілігін арттыру мәселесі оңтайлы шешіліп келеді, деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі.
Елбасының тапсырмасына сай ағымдағы жылдың шілде айынан медицина қызметкерлерінің жалақысы 30 пайызға өсті. Нәтижесінде дәрігерлердің орташа жалақысы 124 мың 523теңгеден 162 мың 950 теңгеге дейін көтерілді. Ал орта буын қызметкерлерінің жалақылары 90 мың 458 теңгеден 118 мың 105 теңгеге дейін артты. Бұл шаралар өз кезегінде медициналық қызметкерлерге үлкен серпіліс беріп, олардың өз қызметіне деген жауапкершілігін еселей түсті.
– Өңірде медициналық қызметкерлерге оңтайландыру шарасы аясында үнемделген қаржы есебінен көтермеақы төлеу де жоспарланған. Ағымдағы жылы денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамытудың біріңғай перспективалық жоспары бекітілді. Аталған жоспарға сәйкес облыстағы 9 стационарлық медициналық ұйымнан 3 кластер құру жоспарланып отыр. Нәтижесінде көпсалалы облыстық аурухана, көпсалалы қалалық аурухана және көп салалы балалар ауруханасы құрылады. Бұл кластерлерді құру арқылы ең әуелі кадр тапшылығы мәселесі шешіліп, жоғары мамандандырылған медициналық көмекке қол жетімділік артады. Сондай-ақ тұрғындар тарапынан жиі сынға алынатын науқастарды ауруханадан ауруханаға тасымалдау мәселесіне де шектеу қойылмақ. Медициналық ұйымдарды оңтайландырудың арқасында төсек орынның саны, штаттық бірліктер қысқарып, бұл мақсатқа жұмсалуы керек 269 миллион 600 мың теңге қаржы үнемделеді. Сәйкесінше бұл қаражатты медициналық қызметкерлердің еңбек жалақысына үстемақы ретінде қосылып, оларды ынталандыруға жұмсалмақ, –дейді облыс әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Жұманқұлов.
Басқарма басшысының мәлімдеуінше өңірге аса қажетті мамандарға жүргізілген талдау нәтижесінде акушер-гинеколог, анестезиолог-реаниматолог, неонатолог сынды аса қажетті мамандықтары айқындалған.
–Дәл осы мамандарға қажеттілікті жою мақсатында облыс әкімінің тапсырмасына сай жергілікті бюджеттен 8 миллион 700 мың теңге бөлініп, 12 маманды резидентураға оқыту үшін Қазақ үздіксіз білім беру универстетімен келісім-шарт жасалынды,–дейді Марат Сейітбекұлы.
Оставить комментарий