Қазақы мұң – қанымдағы бір белгім

/uploads/thumbnail/20170708190445758_small.jpg

 

Тіршілік түнегін серпер үн

Ақырет әуенін таратты.

Күрсіне көз ашып көркем мұң,

Меккенің мүбәрак таңы атты...

 

Мәңгілік сазына мүлгиді

Жалғанның жәннатын жиған жер.

...Сезімсіз сүлделер сырғиды,

Жаратқан, бұл елге иман бер!

4.11.2011.

 

* * *

Уа, Пайғамбар!

Жаппар ием қойғанымен кешіріп,

Мен өзіме назалымын, осыны ұқ!

Көңіліне Қағба орнатқан үмбетің

Кете алмады қабіріңді көшіріп...

 

Сенің нұрлы ізің қалған өңірді

Қиып кетер кешем қалай көңілді?

Қияметте көріскенше күңіреніп,

Сүрем қалай сенен қалған өмірді?!

 

Шермендемін шарасыздан қайраңдар,

Келте нығмет нәсіп болса, не айлам бар?!

Ертегісі ерте үзілген шер көңіл

Үмбетіңді ұмытпашы, Пайғамбар!!!

11.11.2011.

 

* * *

Перзентімін мен де өзіңдей мұңлы елдің,

Қазақы мұң – қанымдағы бір белгім.

Сар далада сағынышпен селбесіп,

Мен өмірді сені аңсаумен сүргенмін...

 

Қайғылыға жалған болсын қайдан жар,

Жан шыдамас жазалы еткен жайды аңғар:

Көргенімше бір мұң едің көңілімде,

Көргеннен соң мың мұң болдың, Пайғамбар!

 

Болмысыңа бақ бұйырған биіктен,

Жанды түгіл, Жаратқанға сүйікті ең.

Ақыретті арман етем мен енді

Құтқарар деп сағыныштай күйіктен...

13.11.2011.

 

* * *

Нұр құшқан жұрттың нығметі Хақтан ен тегін,

Осынша бақты көтерген қалай жер тегі:

Жанарда жасы, сәждеге басы иіліп,

Күн сүйген көктен Пайғамбар елі – ертегі...

 

Әлімсақ күннен ақырға жетер арман-ән

Күйрейді кейде күдіктен көңіл қармаған.

...Күрсініп жиі қол жаям көкке бейуақта,

Азанды елдің ақырын тілеп Алладан...

11.11.2011.

 

* * *

Бұл неткен жер, неткен жер?

Қуарған тінге құт дарып,

Тәңірім нұрын төккен жер.

Тозақтан тірі құтқарып,

Пайғамбар келіп жеткен жер.

Мұңсыздың көгі бұлттанып,

Мұңлықтың жасы кепкен жер,

Дінді де дінсіз сұқтанып,

Арман ғып мәңгі өткен жер.

 

Бұл неткен ел, неткен ел?

Құдайдың өзі қиғанын

Қиыспай құлдар кеткен ел.

Жалғаннан асып жиғаны,

Барлықтың зарын шеккен ел.

Тәрк етіп тағдыр сый-дәмін,

Бақытты басқа тепкен ел,

Шайқалып барып иманы

Тарихын талқан еткен ел...

11.11.2011.

 

* * *

Күрсінді көзтаныс көресім,

Түгесіп шақтаулы шаттығын.

Жұтатып жұмақтың елесін,

Бейуақта бұлттанып батты күн...

 

Жаутаңдап жаз-ғұмыр қалды үміт,

Құрсана қарсы алды тағы қыс.

Жаратқан жар еткен мәңгілік

Жанымның жазасы – сағыныш...

11.11.2011.

 

* * *

...Бозмұнар көшкен далада

Бұлың да бұлың бел жатыр.

Сағыныш ескен санада

Сақтарсың нені, сен ғапыл?!

 

Жалғанды ойлап жүдесең,

Жазмыштан жалғыз жанға үкім:

Жеруани бақыт тілесең –

Жер беті болар жәннатың.

 

«Тілегім – дидар тек» десең,

Жақсылық күтпе жерде көп.

Сертіне рухтың жетпесең,

Сүйсінер ғұмыр сенде жоқ!

 

Пәни мен бақи арасын

Пейілмен пенде жалғаған.

Нәпсі ме, рух па аласың –

Екінің бірін таңда, адам!

 

Пейіштен қалған адасып

Періште дәурен көшкен күн,

Күнәһар адам баласы,

Күнәсіз жерге қош келдің!!!

13.11.2011.

 

 * * *

Тамұқта тірі тұншығып,

Жер басып жүру – құлшылық.

Түсіңе тағдыр енеді

Ұшпаққа рухың ұмсынып.

 

Себезгі сәуле төгеді

Көңіліңнен сонда күн шығып.

Жарқ етіп, қайта сөнеді

Жалғаннан жаны түршігіп.

 

Бақыттың таппай дерегін,

Көшеді күндер күрсініп.

...Күйікпен толған кемері

Тозағым менің – тіршілік...

15.11.2011.

 

* * *

Көр бақытқа бәріміз де бірдейміз,

Жазмыш қана жанды ұрлар.

Қайтсе дұрыс болатынын білмейміз,

Сондықтан да тағдыр бар...

 

Көңіл шіркін кемелдікке кезерген,

Күй кешсе де не түрлі.

Ал адамдық таңдалмайды әзелден,

О да тағдыр секілді...

30.11.2011.

 

* * *

Тағдырым тауқыметтей ғалам күткен,

Арылмай азалайды санам жүктен.

Тозғанша темір тағат тұралатқан

Азаптың арманы жоқ маған біткен.

 

Қалса да келте ғұмыр қас-қағымдай,

Пенделік парыз көшпес бастан ұдай:

Өтермін мұң арқалап, қайғы теңдеп,

Бір тамшы ақыретке жас қалдырмай...

30.11.2011.

 

* * *

Тамырынан танатын тұс келгенде,

Тор нәпсіге тұтқын боп түскен жерге,

Жаза басып, жаңылғыш жаратылған

Періштеден мерейі үстем пенде...

 

Тағдыр сыны тағы да сағатсыз кеп,

Талауратқан тұл жалған тағатты үзбек.

...Шырқай алмай рух құсы шырқырайды,

Әлімсақта қырқылған қанатты іздеп...

30.11.2011.

 

* * *

Хауа ананың зары

Жазмышқа таңар жұмақы жанды

Саябыр еді сұрапыл алды.

Жаратушының жасампаз ісі

Жаратылысқа, сірә, тұман-ды...

 

Сиқыр боп тартар саналы жанды,

Сырқұмарлықтың  алауы жанды.

...Тәнімнің емес, жемісте сол бір

Жанымның, бәлкім, қалауы бар-ды.

 

Белгісіздіктің дерті күшті еді,

Тағдыр боп тапты толқын іштегі.

Жәннатты жайлап, сезінбей, сүймей,

Періште болу қорқынышты еді...

 

Адасқан сәттен айбынды сертім,

Қызығым емес, қайғым-дүр еркім.

Арман мен ажал арылмас мұң боп,

Жұмақтан жылап айрылдым сол күн...

 

Болмыстан берік бар ма тірегім?!

Адами ғұмыр –­­­­­­ арда тілегім.

...Жандауа жоқпен жол тарттым жырақ,

Жұмыр жер болғай жәннатым менің...

01.12.2011.

 

* * *

Тіршіліктен түйір бақ таппаған мұң

Жалған-отқа жанымды қақтаған мың.

Қорлығына қия алмай құл-ғұмырдың,

Ғазиз жанды ғарышқа сақтағанмын.

Жаралыста жазған дерт – жер-тірліктің

Босағасын болжаусыз аттағанмын.

Адам ұлын арманмен азаптаған

Ар алдында ажалмен ақталармын.

Ақыреттен бір хабар жеткен күні

Жалқы сәтке шын күліп, шаттанармын.

Күнәһарлық құрсауын күл-талқан ғып,

Ай мен күннің еліне аттанармын...

 

* * *

Құл-ғұмырды қимағанмен күмәнге,

Болмысыңа бақ қонбаса, кінәң не?

...Әлімсақта арашаға батпаған

Жазмыш енді жұбата алмай мың әуре...

 

Боздай көшіп бейбақ дәурен бастағы,

Тағдыр кештім тозатындай тас-дағы.

...Маңдай тұстан мызғымайды әйтеуір

Жалқы жұлдыз...

Астананың аспаны...

* * *

Нәр татырсаң нығметтен нең кетер-ді,

Құр бесікті, қор жалған, тербет енді –

Әлімсақта анттасқан асыл рухтар

Бірі қалмай тастапты жер-мекенді...

Ұждансыздан ұмытқан Ұлығын шын

Тамыры жоқ тексіздің тұғырысың.

Ібіліске ілдіріп  ар тізгінін

Сал-сал болған санаңның сұры құрсын...

 

* * *

Нығметтің нұрына малынып,

Жеті көк жауһарын жия кеп,

Адамзат терісін жамылып

Күн кешу не деген қиямет!!!

 

Тұл қалу тағдырын тұғырдан

Жат жерлік жоқтаусыз жан ұқсын.

...Тозақтың отына жылынған

Сор жалған, сен де бір ғаріпсің...

 

* * *

Шуақ қимай сезімге, шабытқа – жыр,

Таңарың хақ түбінде табытқа бір.

Мен өлсем де сенен сәл биік тұрам,

Жасып көрген жерім жоқ, жанықпа құр!

 

Әз жалғанның әзелден есі дел-сал:

Көлеңкесіз күндерім кешігер сәл.

...Жиі енесің түсіме несіне, ажал,

Менің әлі көл-көсір несібем бар...

* * *

Жалған жолы жуыстырмай жұмаққа,

Мыңдар көшкен мұң орнаған мұнартта.

Күрсінісің көкті жарып, әз әлем,

Жүрегіңе жүк артпа!!!

 

Хадис бар-ды: «Бір күннен бір күн бетер»,

Жазмыш – жалғыз, бұйырмап ед кімге көр?!

Сүлейменнің жүзігінде жазғандай:

«Бәрі өтеді... Бұл да өтер!!!»

 

* * *

Жадылап есті жыр-елес,

Күдікпен көшіп күн-егес,

Бағдарсыз кетіп барасың,

Бақыттың жолы бұл емес!

Жалғаннан күтпе жандауа!!!

 

Пәнидің пақыр қонағы –

Жербауыр сезім солады.

Адамға адам мәңгілік

Аңсар боп көрген жоқ әлі!

Өзіңді-өзің алдама!!!

 

Еншінің біткен ерегі

Кемелдік болса керегің,

Мың соқпақ кезіп, маңып көр –

Дүниенің шықпас дерегі,

Бастайды бәрі Аллаға!!!

 

* * *

Босағаңа байланып бар ғұмырым,

Жадылап ед бейдауа жанды нұрың.

Қайтар жолдың қорлығын қалай қидың,

Мені өзіңнен бөлгенде, Мәңгілігім?!

 

Құл-тағдырға қалаусыз қосқанда мұң

Жазмышыңнан жаны үркіп, қашқан бағым.

Жарсыздық пен жолсыздық маған аян

Сенен кеткен күнімнен басталғаны...

 

Құдіреттен дарыған құтым барын

Танып тұрып, жалғанға жұтылғамын.

...Мен – мұңлықпын баянсыз болмысымнан,

Үзірім сол, ей, мұңсыз Үкімдарым!

 

* * *

Саудайы тағдыр сынақта

Сансырап кешер жерлікпін.

Жамалың сіңген мұнартқа

Тал бесігімде телмірттің,

Сарылтқан сиқыр сағым-жар...

 

Ерендер елтіп ізіңде

Таба алмай сырды сорлаған.

Пәнидің пақыр жүзінде

Періште-пенде болмаған –

Пәруана сұрлы халім дал...

 

Күрмеуін мұңның шеше алмай

Қор болып өткен құлыңмын.

Жеруани тірлік кеше алмай,

Жер болып кеткен ғұмырмын...

Жазаңа лайық жаным бар...

 

* * *

Мен қаталдық күтпеп едім тек Сенен...

Өзің сүйіп жаратып ең,

Жардан көңілің қалды ма?!

Талып тұрып, тілеуімді кеспеп ем –

Тоз-тоз болған тағатыммен

Жығылғанмын алдыңа...

 

Мұз-көңілмен сына қағып сенімге,

Аңсарыма жер құштырып,

Арманымды алдаттың.

Саған сеніп келген едім өмірге,

Жар-сезімді желге ұшырып,

Енді қайда бармақпын?!

 

* * *

Тура келген тағдырыма тәуекел:

Сен тұрғанда жанды қалай жар етем?!

Сүрінсем де, түңілсем де (о, тоба!) –

Сенің мені сүйетінің хақ екен!!!

 

Құлшылықтың кім бағалар құнын дәл,

Ұғар болсаң, ұғынып көр сырымды ал:

Әлем халқы қызығатын бағым бар!!!

Әлем халқы торығатын мұңым бар...

 

* * *

Бақ пенен соры кіндіктес

Бұйырған жолым бұлғақ боп,

Тағдырды таптым таңдамай.

Айтылған сайын сыр бітпес,

Ашылған сайын жұмбақ көп,

Арылмай өттім, арман-ай...

 

Ғазалын ұқпай ғаламның

Тағатсыз күткен Таңсәрім,

Күрмелген Саған күлкім – мұң.

Сорыма біткен санамның

Асқынып тынған аңсары,

Ажалы Сенен рухымның...

 

Айнұр Әбдірәсілқызы

Оставить комментарий

Связанные Статьи