Түркияның Сириямен шекараласатын аймағында орналасқан Суруч қаласында жарылыс болып, салдарынан 27 адам қаза тапты. Бұл туралы «Қамшы» порталы Reuters-ке сілтеме жасай отырып хабарлайды. Тағы жүзге жуық адам жарақат алған. Бұл туралы Түркия ІІМ мәлімдеген. Оқиға қаладағы мәдени орталықтардың бірінде орын алған.
Министрлік өкілдері жарылыс себебін лаңкестікпен байланыстырып отыр. Үкіметтегі дереккөздердің хабарлауынша, жарылысты "Ислам мемлекетінің" жанкештілері жасаған.
Күрділердің Халықтық-демократиялық партиясының депутаты Первин Булданның айтуынша, жарылысқа жанкештінің қаншалықты қатысы бар екені тексеріліп жатқан көрінеді. Оның айтуынша, жарылыс болған сәтте мәдени орталықтың ішінде күрді және түрік жастары жиналған екен. Олар Сирияның Кобани қаласына барып, шаһарды қалпына келтіру үшін жоспар құруға бас қосқан.
Айта кетейік, Суруч пен Кобани қалалары шекараның бойында, бір-біріне қарама-қарсы орналасқан. Негізінен күрділердің бақылауындағы Кобани қаласына 2014 жылдың қазанынан бастап 2015 жылдың қаңтар айына дейін "Ислам мемлекеті" лаңкестік ұйымының содырлары шабуыл жасаған болатын.
Нұрзат Тоғжан
Оставить комментарий