Алматыда танымал ғалым Мейіз Қанышқызы Сәтбаеваны есте қалдыру үшін мемориалдық тақта салтанатты түрде ашылды. Мемориал Құрманғазы, 20 үйдің қабырғасына орнатылды.
Мейіз Қанышқызы – геология-минералогия ғылымдарының докторы. Ол өзінің ұлы әкесі Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың жолымен жүрді және Жезқазған кен орнын ашу жөніндегі ғылыми-зерттеу жұмыстарын жалғастырды. Құрамы рениге бай ерекше кен құрайтын минералдардың құрылымдық-морфологиясы бойынша докторлық диссертацияны қорғады.
Ескерткіш тақтаны Алматы қаласы әкімінің кеңесшісі Мамай Ахетов ашты.
«Мейіз Қанышқызы – көрнекті ғалым. Мына мемориалды тақта бүгінгі және келер ұрпаққа оны еске салатын болады. Мемориалдың ашылуы – қаламыздың мәдени және ғылыми өміріндегі тарихи сәт», – деді ашылу салтанатында М. Ахетов.
Ашылу рәсіміне ҚР Ұлттық ғылым академиясының президенті М. Жұрынов, академиктер С. Оздоев және С. Қожахметов, геология-минерология ғылымдарының докторы Э. Сейітмұратова, Қ. И. Сәтбаев атындағы геология Институты архивінің директоры Н. Ниретина, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Г. Бибатырова, Мейіз Сәтбаеваның ұлы, геология-минерология ғылымдарының докторы А. Третьяков қатысты.
Оставить комментарий