Биылғы 20 желтоқсан мен 2020 жылғы 19 қаңтар аралығында «Қазақстанның Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» Алматы қаласы, Алатау ауданы, «Алғабас-6» шағынауданындағы нысанға банк салымшыларынан құжат қабылдайды. Бұл жөнінде қалалық тұрғын үй саясаты басқармасы ресми сайтында хабарлады.
Құжаттарды www.baspana.kz сайты арқылы тапсыруға болады. 6 ақпан мен 5 наурыз аралығында өтініш берушілердің төлем қабілеттілігі тексеріледі. Одан сәтті өткендер 6 наурыз бен 1 сәуір аралығында тұрғын үйді таңдаса, 2 сәуір күні пәтерлер үлестіріледі деп күтілуде.
«Таза» әрленген пәтерлердің 1 шаршы метрінің бағасы 180 000 теңге. Үйлер жайлылығы жөнінен ІV класқа жатады.
Берілетін пәтерлердің жалпы саны 360. Оның ішінде аумағы 66,62 шаршы метрлік 2 бөлмелі 180 пәтер, аумағы 75,4 шаршы метрлік 3 бөлмелі 50 пәтер, 87,88 шаршы метрлік 3 бөлмелі 130 пәтер бар.
Пәтерлердің жартысы әкімдіктің тұрғын үй кезегінде тұрған банк салымшылары арасында беріледі.
Конкурсқа қатысушылардың жинақ шотында кемі 1 млн теңге қаржы болуға тиіс.
Өтініш берушілерге қойылған талаптармен, құрылыс нысанының сипаттамасымен толығырақ банктің www.baspana.kz және www.hcsbk.kz интернет-ресурсында танысуға, әсіресе, ғимараттың қасбетін және пәтерлердің жобалануын көруге болады.
Оставить комментарий