Гүлдер өлең оқып тұр көшелерде

/uploads/thumbnail/20170708190544154_small.jpg

Көктем кеп, көк майсасын төсеген бе,
Гүлдер өлең оқып тұр көшелерде!
Жиырма төрт жыл жүрегім жайқалғалы,
Қанша көктем қалды екен пешенемде?!

Көктем кеп, көгерткен бе айналаны,
Қыз-ғұмыр, қыр басында ойланады.
Көбелек-көңіл құрғыр алып-ұшып,
Көктемнің бұрымына байланады.

Гүл-әлем, шымылдығын ашқаны ма,
Көркемдік,қонап алды аспаныма.
Түннің ғана иісі шығушы еді-ау,
Күннің иісі сіңіпті шаштарыма!

Шынымен, қанат бітіп ұшқаным ба?
Ғашық боп қалсам қайтем, қас-қағымда?
Әр сәулесін кеудеме құйып тұрмын,
Айырбастап ала алмай басқа мұңға.

Көктем кеп көк майсасын төсеген бе,
Гүлдер өлең оқып тұр көшелерде!

***

Бір жұлдыздың сәулесіне жалғанып,
Жерге түскен бір өмірді жалға алып.
Саған ғашық болған екем, қайтейін,
Бұйырмаған тағдырыңа алданып.

...Бір өткінші нөсер болып селдетіп,
Дала дертін мөлдір сумен емдетіп.
Кетіп қалсам, сөніп қалсам деп едім,
Ешкім білмес жалғыздықты әндетіп...

Ошағымда мені күткен жар қалып,
Ол адамға жалғыз өлең арналып.
Оқып тұрсам сені сүйген қыздарға,
Саған жазған жүз өлеңді қолға алып!

...Сосын, сосын кінәласын Жарық Күн,
Түн ішінен таң іздеген ғаріппін.
Ақ қағазға армандарым төгіліп,
Күндей ыстық күнәһар боп қалыппын... 

****

Қара жер де жүр ме мені кешірмей, 
Неге кеттім өз-өзімді түсінбей. 
Бір ауыз сөз қалатындай айтылмай, 
Бір ұрттам су қалатындай ішілмей.

Сені сүю мендік сырдың құны ма? 
Сені сүю тар ғұмырдың шыны ма? 
Мен өмірге бара жатсам жұтылып, 
Сен жүректің шығып алдың шыңына!

Бір сен үшін жаратқандай көркімді, 
Елесің кеп, ұрлап алды еркімді. 
Бір-ақ жұтым ауа жетпей тұрады, 
Өзің келіп емдейтіндей дертімді...

Бір-ақ қадам алға баспай тұрамын, 
Жарық ғалам, сөндірердей шырағын! 
Кінəм менен күнəм кетті күрмеліп, 
Сен шығарсың бұл өмірде сынағым... 

***

Жалғыз ғана бар еді ғой, шындығым,
түбіне тірлік жетті ме ?
Қай қиырда жүр екенсің мұңлығым,
менсіз өмір тәтті ме?

Жалғыз ғана бар еді ғой арманым,
Тек періште күйінде.
Бұл өмірдің біліп тұрып жалғанын,
Бола ма екен сүюге...

Келер күндер жауабы жоқ жұмбақтай,
Қалсақ қайтем түйісіп?
Сен де тұрсаң, мен де тұрсам тіл қатпай,
Көлеңкеміз сүйісіп...

Келер болсаң бұл шаһардан кет алып,
(Сен жақтың да таңы осылай ата ма?)
Сенсіз өмір сүре алмаймын деп алып, 
...Әлі тірі жүр екенмін о, тоба?!!! 

***

Қара жолдар, сені сүйсін маңдайым,
жүректегі сәбиімді алдайын... 
Маған қарай әкелмесең жетелеп, 
Біліп берші сол адамның хал-жайын...

Қай қиырға тиді екен табаны, 
Мекен етіп, жүр ме осы қаланы...
Жолдар...жолдар...
жырларымды құшақтап, 
Көз-жасымнан үміт жасап алады...

Әкелердей сол бір жанның дерегін,
Жол бойына жаутаң қаға беремін...
Көшелерде көше алмаған күлкім жүр,
Сенсіз осы бар ма менің керегім...

Бір хабарың жететіндей елеңдеп, 
ғұмырымды ұзартамын "келер" деп.
Сағынышым хатқа айналып жауапсыз, 
Сенен бұрын алар ма екен Жер емдеп... 

***

Тағдырыма жазсам ба екен арызды,
Жоғалттым деп, аяулымды жаны ізгі...
Басым, кеудем, жүрегім де Құдай-ау,
Менікі емес тәрізді...

Көздерімнен мұң ауырлап кеткендей,
Сөздерімнің құны жерге шөккендей.
Сүре алатын адам көп қой өмірді,
Сүйе алатын жан жоқ деп ем тек мендей!

Жаратқанға ауыр өпке айта алмай,
Сені сүйген жар жолымнан қайта алмай...
Тыныш ұйықтап жүр ме екенсің түндерде,
Жер үстінде қалай жүрсің шайқалмай!

Үнсіздігім шексіздікке тығылып,
Түн ішінен тағы шықтым тіріліп.
Жанарымнан жылап түскен сағыныш,
Кірпігіңе қалды ме екен ілініп...

Әлде оны жүр ме екенсің жасырып, 
Құлатуға, ұмытуға асығып.
Екеумізді бір адамбыз деп жүргем,
Қай қиырда қалдық екен шашылып... 

***
Көзге көрінбес күнәларымды,
Оқылмай қалған дұғаларымды...
Алладан бұрын пенде біткенді,
Бес күнге қимай сынағанымды...

...Өшіре алам ба кеудемнен?

Есімді білмес ессіз күнімді,
Түгесілген төзім...көзсіз мұңымды...
Жария етіп...жалғаннан бездім,
Қараңғы дедім, Сізсіз ғұмырды...

Өзгерерін бәрін кім білген?

"Жалғызбын" деппін...сезбеді жаным,
Түннің де тұнық көздері барын.
Сезімге ұйып сыңар етіппін,
Өзіме тілеп, өзгенің бағын...

Көңілді қалай сендіргем?

Бағалай алмай бақыттарымды,
Жалғанға қиып жақұт-таңымды.
Нұрынан Күннің жасқанды жүзім,
Кім білсін...бүгін ғаріп халімді...

Жанымды шерге көндірген...

Қайғыға балап, шүкір күнімді,
Тағдырға телген бүкіл мұңымды...
Тілімнен шыққан тоғыз күнәмді,
Айтылып қалған күпірлігімді...

Өшіре алам ба кеудемнен?

 

Динара МӘЛІКОВА

Оставить комментарий

Связанные Статьи