Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы коронавирусқа байланысты халықаралық деңгейде төтенше жағдай деп таныды. Бұл туралы ДДСҰ-ның бас директоры Тедрос Гебрейесус мәлімдеді. Дегенмен ұйым басшысы өз мәлімдемесінде халықаралық іс-сапарлар мен саудаға шектеу қоюға негіз жоқ екенін айтты.
ДДСҰ мәліметтері бойынша, Қытайдың өзінде вирусты жұқтырғандар саны он мыңға жуықтап, кемінде 213 адам өлген. 12 мыңнан астам адамнан коронавирус белгілерін іздеп жатыр. Ал Қытайдан тыс аумақта вирусты жұқтырғандар саны 100-ге жетті. 18 елден вирус табылған.
Мамандардың айтуынша, вирустың адамдар арасында жұғуының сегіз фактісі бар.
Ұйым сонымен қатар вирусқа уақытша "2019-nCoV" атауын беруді ұсынды.
Тедрос Адхан Гебрейесус бұл вирусты жеңуге болатынын ескертті. Сарапшылардың пікірінше, әлем ауруға қарсы тұруды және жұқтырған адамды оқшаулауды үйренуі керек. Сонда ғана аурудың өршуі басылады.
Қытай билігіне вирус белгілерін анықтауға және науқастарды сауықтыру үшін вирустың көзін табуға, халықаралық әуежайлар мен порттарды тексеруден өткізуге кеңес берілді.
Желтоқсанның аяғында Қытайдың Ухань қаласында белгісіз пневмонияның өршуі тіркелген. Мамандар аурудың қоздырғышы - коронавирустың жаңа түрі "2019-nCoV" деп топшылады.
Оставить комментарий