Қазақстанда 41 адам короновирус күдігімен ауруханада жатыр

/image/2020/01/24/crop-10_5_317x563_crop-10_4_327x582_602x338_cmsv2_6306d96d-4400-5a20-a957-7537f0ec83fc-4453508.jpg

Қазақстанда 31 қаңтардағы есеп бойынша, 41 адам коронавирус күдігімен ауруханада жатыр. Бұл туралы 31 қаңтарда Нұр-Сұлтанда өткен брифингте қазақстандық инфекционист Динагүл Баешева айтты, деп хабарлады Азаттық Радиосы.

- 31 қаңтардағы дерек бойынша, 66 адам қызуы көтеріліп, жедел респираторлық вирустық инфекция (ОРВИ) шағымымен ауруханаға жатқызылды. Кейін 25 адам ауруханадан шығарылды. Қазір 41 адам ауруханада. Пациенттерден анализ алып, Алматыдағы аса қауіпті инфекцияларды тексеретін ұлттық ғылыми орталыққа тексеруге жіберіп жатырмыз. Алматыдағы орталық ПЦР тәсілімен коронавирусты анықтай алады, - деді Баешева.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар ресми түрде тіркелмеген.

Қытай билігінің 31 қаңтардағы дерегі бойынша, коронавирустан қаза болғандар саны 213 адамға жеткен. 9692 адам вирус жұқтырып, 102 мың адам вирус жұқтырды деген күдікпен бақылауға алынған.

30 қаңтарда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бас директоры Тедрос Гебрейесус короновирустың таралуына байланысты халықаралық деңгейде төтенше жағдай жариялаған болатын.

Соңғы ақпарат бойынша, короновирус жұқтырғандар Қытайдан бөлек әлемнің 20 елінде – Жапония, Таиланд, Сингапур, Австралия, Малайзия, Корея, Франция, Германия, АҚШ, Вьетнам, БАӘ, Канада, Италия, Ұлыбритания, Үндістан, Шри-Ланка, Непал, Филиппин, Камбоджа, Финляндияда – тіркелді. Бірақ Қытайдан тыс жерлерде вирустан көз жұмғандар жоқ.

 

Связанные теги :

Оставить комментарий

Связанные Статьи