Қазақстанда адам саудасы өршіп тұр. Тіпті, ішкі адам саудасы мәселесінде Қазақстан үкіметі ең қарапайым талаптарды орындауға құлық танытып отырған жоқ. Дәл осындай мәлімет АҚШ мемлекеттік департаменті дүниежүзіндегі адам саудасы туралы есебінде келтірген. Бұл туралы «Қамшы» порталы «Азаттыққ»а сілтеме жасай отырып хабарлайды.
АҚШ мемлекеттік департаменті әлем елдеріндегі адам саудасы, ерлер мен балалардың еңбек мәжбүрлігіне және әйелдердің жыныстық қанауға түсу жөніндегі есебін жыл сайын жариялап отырады. Ал биылғы жылдың жарты тоқсаны мен өткен жылдың қорытындысы бойынша - Қазақстан жыныстық құлдық пен мәжбүрлі еңбекке жегілген балалардың тұрақтайтын транзиттік аймағына айналған делінген.
Баяндамада көрсетілгендей, мұндай қанауларға Астана, Алматы, Атырау және Ақтау қалаларындағы еңбек мигранттары тап болады екен.
"Қытайлықтар, қазақстандықтар мен Орта азиялық басқа да азаматтар, әсіресе Өзбекстан азаматтары үй шаруасында, құрылыс пен ауыл шаруашылығы саласында күштеп жұмысқа салынады. Кейбір балалар қайыр сұрауға мәжбүр болып, кейбірі тіпті қылмыстық әрекеттер мен порнографиялық қызметке де салынуға мәжбүрленеді" делінген мемлекеттік департамент баяндамасында.
"Қазақстан үкіметі адам саудасын жоюдағы ең қарапайым талаптарды толық орындамай отыр",- дейді АҚШ мемлекеттік департаменті.
«Баяндамада 188 мемлекеттегі адам саудасының жайы баяндалған. Биылғы есепте Өзбекстанның көрсеткіші сәл жақсарып ең төменгі «Tier 3» рейтингісінен жоғарылап, «Tier 2 Watch List» тізіміне көтерілген»,-дейді Human Rights Watch халықаралық адам құқығын қорғау үйымы мамандары. Ал адамдарды еркінен тыс жұмысқа жегу, құлдыққа салу және жыныстық саудаға салуға қарсы күрес деңгейін бағамдайтын бұл есеп бойынша, әлемде 27 миллион ер мен әйел және бала адам саудасының құрбаны болып отыр. Бұл туралы АҚШ Мемхатшысы Хирали Клинтон мәлімдеген.

Адам саудасына қарсы күресушілердің айтуынша, әлемде жылына 4 миллионға тарта адам құл сатушылардың қолына түсіп, қылмыстық топтар 32 миллиард долларға дейін пайда табады-мыс. Ал Қазақстан өз кезегінде адам саудасымен күресуге аса құлық танытып отырған жоқ көрінеді.
Ал ҚР Бас прокуроры Асхат Дауылбаев биылғы есебі бойынша, 2014 жылы елдегі қылмыстық ахуалдың біршама жақсара түскенін мәлімдеген болатын. Айтуынша, қылмыстылық 5,2 пайызға, яғни, 359 мыңнан 341 мыңға дейін азайған. Алайда кәмелетке толмағандарды саудалау азаймай тұр. Өткен жылы балаларды сату бойынша тіркелген фактілердің артқанын Дауылбаевтың өзі мойындаған. «Асырап алудың 17 пайызға азаюының аясында кәмелеттік жасқа толмағандарды сату бойынша тіркелген фактілердің саны 2-ден 25-ке дейін артып отыр.
2014 жылғы қазан айындағы мәліметтері бойынша Қазақстанда адам саудасындағы әрбір тоғызыншы қылмыстық іс балаларды жезөкшелікке тартумен және кәмелетке толмағандарды сатумен байланысты. Соның ішінде өткен жылдың 10 айында бала сатудың 17 фактісі тіркелген. «Елімізде негізінен әлеуметтік осал топ өкілдері, мысалға, облыс орталықтарына, ірі қалаларға күнкөріс үшін ақша табу мақсатымен келген адамдар, тұрмысы нашар отбасылардан шыққан жасөспірімдер, тұрғылықты мекен-жайлары жоқ жандар адам саудасының құрбанына айналып жатады», –делінген Бас прокурордың баяндамасында. Қазақстанның адам саудасы жөнінен әлемдік рейтингте төмен нәтиже көрсетуіне кей жағдайларда арсыз шенеуніктердің де бейнесі елес беретін сияқты. Мысалы, ОҚО-дағы бала сатушы дәрігерлердің қылмысы. Бұл туралы қазақстандық БАҚ аз жазбаған болатын. Тек Қазақстанда ғана емес, бала сату қылмысы әлемнің түкпір қиырынан қылау беріп жатады. Мысалы, өткен жылы Испанияда жарты ғасыр бойы бала сатумен айналысқан ірі қылмыстық топ анықталған. Оның құрамында католиктік аурухананың дәрігерлері, медбикелері, шіркеу қызметкерлері мен шенеуніктер болған. Олар елу жыл ішінде 300 мыңға жуық сәбиді сатқан. Қылмыскерлер балалардың аналарына сәбилерінің қайтыс болғанын айтып, ал қолдан жасалған құжаттары арқылы басқа ата-аналарға сатып отырған. Мұндай жағдай Қазақстанда да бірнеше мәрте қайталанған болатын. Мысалы, ОҚО-дағы №1 перинаталдық орталықтың дәрігерлері 2 жыл бойы жаңа туған нәрестелерді сатып келгендігі жақында анықталған. Тергеу барысында анықталғандай бөлім меңгерушісі мен дәрігер-неанотолог бірлесіп, екі жыл көлемінде жаңа туылған сәбилерді саудаға салып келіпті. Олар бала сүйе алмаған отбасыларды тауып, қомақты ақшаға сатып отырған. Бұл бірінші жағдай емес. Бала сатумен айналысқан дәрігерлер Жамбыл облысында да бар болып шыққан. Жамбыл облысындағы жекеменшік перзентхананың бас дәрігері нәресте саудалаумен айналысқандығы туралы БАҚ сан мәрте жазғаны да белгілі.
63 жастағы перзентхана басшысы 5 баланы сатып жіберген.
Өздеріңіз көріп отырғандай үкіметтің өзі бастап бала сатуды жоюға құлық танытып отырмаған соң өзгелер қайтсін? Мемлекеттің өзі өз балаларын саудаға салып жатқанда ертедегі бабалардың «балалы үй базар» деген мәтелі еске түседі екен. Өкінішке орай, қазір сол қаракөз бүлдіршіндеріміздің базардағы тауардан айырмашылығы жоқ. Бала сатқандар - құрықталар. Ал шетел асып кеткен бала- кетті ғой. Олар енді қайтіп келмейді де. Тек бір ақиқаты – олар Қазақстанды сатып кеткен жоқ. Қазақстан оларды сатып жіберді!
Нұргелді Әбдіғаниұлы
«Қамшы» сілтейдіі