Бір-ақ адамы ойлану қабілетіне ие елді білесіз бе?

/uploads/thumbnail/20170708190848013_small.jpg

Біз ғой елімізде жүріп жатқан жүйе мен жүйесіздік жайында хабардармыз. Сондықтан атқа мінген азаматтардың аузынан шыққан әрбір сөздің астарында не бар екенін ақырындап бажайлай аламыз. Бірақ біздің елге бір шетелдік журналист келіп, кәсіпкерлер мен әкімдерден сұхбат ала қалса, не ойлайтынын білесіз бе? Ең алдымен бұл елде елбасынан басқада бас жоқ екен деп ойлайды. Расымен де солай. Қайда бармаңыз, кіммен сөйлеспеңіз «Елбасымыздың жолдауына орай, президентіміздің ұсынысы бойынша, Нұрсұлтан Әбішұлының бастамасымен » деп басталатын алғы сөздерін алдыңызға төсеніш етеді. Тіпті сөздің солай басталғандығына етіміз үйреніп кеткені соншалық, бір отырыста осы фраза айтылмай қалса, жүрегіміз алас ұрып, екі ұдай күй кешетін болғанбыз. Өздігінен тірлігін дөңгелетіп,  кәсіп ашпақ болған адамды тауып алып, «сіз осы бастамаға қалай келдіңіз, соны сөз етсеңіз»,- десең болды бәлеге қалдым дей беріңіз. Таудың түкпіріндегі ауылдағы тойхана ашқан кәсіпкер де осы сөзді ортаға қыстырмаса, маған келіңіз. Әкімдерді түсінуге болады. Олар солай сөйлемегенде, кім сөйлесін? Кәсіпкерлерге не жоқ? Е, кәсіпкерлерді де түсінуге болады. Тасың өрге домаласын десең, ісің оңға бассын десең әкімдердің құлағыңа сыбырлағанын айтасың.  Оның үсіне жаңадан ашылған кәсіптің бір жағына шығысып, мемлекеттік квота бөлінуі үшін де құлаққа сыбырланған сөзді айту керек болар.  Айтпақшы ұмытып барады екенмін, анау құлаған үкімет бар ғой, келмеске кеткен-соның дәуренінде салынған ауруханалар мен мектептің ескіргенін де біз сезбейміз ғой. Ескі мен жаңаны ажырата алмаймыз. Елбасы жолдауда ескі нысандарды күрделі жөндеуден өткізу керек деп айтуы тиіс. Біз сонда ғана әлгі фразаны ауызға ала отырып, жөндеу жүргізе бастаймыз. Ол рас, кәсіпкердің барлығы ондай емес. Шетелдік иегерлері  бар, алып кәсіпорындар олай илігіп жатпайды. Ақша айналымы жоғары компаниялардың құлағына сыбырлауға әкімқаралардың қауқары жете бермесі анық. Қалай айтсақ та, кәсіп ашудың көзін енді  үйреніп жатқан қазаққа қазақтың әлімжеттігін айқын байқауға болады.  Бұл елге кімнің табаны тимей жатыр. Байымақ мақсатта асханасын ашуға түріктер ағылды. Мұнайды соруға, бағалы элементтерді өндіруге Батыс пен Шығыстан анталап кіріп жатыр. Кіре сала қазақтың «марқасқаларының» маңдайынан сипап, қонақжай екенсің деп қояды да, қарны жуандай бастағанда мұрнын көкке шүйіреді. Себебі көкке шүйірілген мұрынды енді ешкімнің қаната алмасын жақсы түсініп алады. Осылайша біздің елде қонақтар талтаң басып өмір сүре алады. Ал кәсіптің әліппесін ашқан адам әлгі сөзді жаттап әлек  бола тұрады.  Ол фраза соншалықты жаман емес. Бірақ адам үшін ең қастерлі ұғымды қасиетсіз етіп түсіндірудің бір ғана жолы бар. Сол қасиетті ұғымды күніне мың мәрте айтқызу. Баяғыда жаугершілік заманда қолға түскен тұтқынды аямай соққыға жығады екен. Соққанда да, туған жерінің атын айтқызып тепкілейтін болса керек. Өзі үшін ең аяулы ұғымды айтқан сайын соққы көрген бейбақ, ақыр соңында әлгі сөзден жеріне бастайды екен. Ал қазақты елбасынан жеріту кімге керек болды екен?

Айнұр Төлеу

Связанные Статьи