Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында ведомство басшысы Біржан Нұрымбетов айтты.
Осы ретте, министр 15 балаға дейін жәрдемақы көлемінің есептеліп қойғанын мәлімдеді.
– Көпбалалы отбасыларға табыстарына қарамастан, балалар санына қарай сараланған мөлшерде 42 500-ден 74 400 теңгеге дейін төленетін жәрдемақы енгізілді. Бұл жәрдемақы қазірдің өзінде шамамен 370 мың отбасына төленді. 2020 жылға осы мақсаттарға бюджетте 177,6 млрд теңге қарастырылған. Қазіргі уақытта байқасаңыздар жеті баладан ары қарай біркелкі мөлшерде. Сондықтан, біз осы мәселені қарастырып, сегізінші және одан кейінгі балаларға да жәрдемақыны сараланған түрде төлеу мәселесін қарастырып жатырмыз. Сонда сегіз балаға 74 000 емес, 85 000, он балаға – 106 000, он бес балаға – 159 мың теңгеден төленетін болады, – деді Біржан Нұрымбетов.
Министрдің айтуынша, 2020 жылдан бастап АӘК-пен қамтамасыз етудің жаңа тәсілдері енгізілген. Ол бұл тәсілдердің ашық, әділ екендігін және еңбекке ынталандыруды көздейтінін де жеткізді.
Айталық, жаңа тәсілдерге сәйкес, АӘК тоқсан сайын тағайындалады. Егер еңбекке қабілетті әлеуметтік көмек алушылар жұмысқа орналасуға жәрдемдесу шараларынан бас тартса, онда АӘК көрсету бүкіл отбасына тоқтатылады деген сөз.
Еске сала кетейік, 2019 жылдың қорытындысы бойынша 486 мың отбасына АӘК тағайындалған. Яғни, 2,4 миллионға жуық адам бұл көмектен игіліктенген болатын.
Оставить комментарий