Қазіргі қазақ қоғамында қызу талқыға түсіп отырған мәселелердің бірі де бірегейі – Байқоңыр ғарыш айлағы мен оның төңірегіндегі әңгімелер. Әсіресе, шалт мінезді, кей кездері өзгелермен бір өзі қарсы шығып, кей сәттерде өзіне-өзі қайшы келіп жататын Талғат Мұсабаев. Ол – ҚР Халық қаһарманы, ол – РФ Әскери әуе күштерінің запастағы генерал-майоры, ол – «Антигептил» қозғалысы жетекшілерін ауру деген, ол – Болашақ түлектерінің біліміне шүбә келтірген. Осы әрекеттері үшін қоғамдық ортада талай рет сыбалған, сыналған да.
Жә, әңгіме ауаны мүлде басқада еді ғой. Сол Талғат Мұсабаев мырза басшылық ететін комитет (аэроғарыш) жақында тағы бір жерсерігін әуеге ұшыратынын мәлімдеген болатын.

Дәлірек айтсақ, бүгін Алматы қаласында өткен баспасөз-конференциясы барысында ҚР Инвестиция және даму министрлігіне қарасты аэроғарыш комитеті басшысының орынбасары Еркін Шаймағамбетов «Қазғарыш агенттігінің тағы бір спутнигін ұшыру» жобасы дайындалатынын мәлімдеген. Шаймағамбетовтың айтуынша, жаңа KazSat жобасының жалпы бюджеттік сомасы – 40 миллиард теңгені құрап отыр. Яңни, бұл 213 миллион АҚШ долларына пара-пар деген сөз. Айтпақшы, аталмыш сомаға – мамандарды әзірлеу құны да қосылып есептелген.
«Әзірге отандық мобильді байланыстың операторлары шетелдік спутниктерді жалдауға мәжбүр. Дегенмен 2017 жылға қарай KazSat спутнигі толығымен іске түсіп, отандық ақпарат беру ресурстарын желімен толықтай қамтамасыз ететін болады. Жобаға әзірге 40 миллиард теңге жұмсалған», - дейді Еркін Шаймағамбетов.
Сөзіне сенсек, комитетшілер бұл жоба өзін-өзі жеті жылда ақтап шығатын болады дейді. Әрине, теориялық тұрғыдан солай болатын да шығар.
Алайда тәжірбие не дейді? Естеріңізде болса, осыған дейін KazSat-тың қаншасы ұшты? Қаншасы ұшпай қалды? Кейбіреулері тіпті із-түссіз жоғалып кетті.
1. 2006 жылы тұңғыш рет қазақстандық KazSat-1 ғарыштық жерсерігі ұшырылды. Бақандай 10 жыл бойы эксплуатациядан кейін ұшырылған жер серігі 2 жыл ғарышта тұрып, істен шыққан болатын. Айтпақшы оның құрылысына 65 миллион доллар жұмсалған. «ҚазСат-1» спутнигін жасау шартына (контрактісіне) Қазақстан тарапынан «Ұлттық инновациялық қор» (ҰИҚ АҚ) қол қойған, яғни ғарыш қызметінің кәсіби мамандары емес, ал Ресей тарапынан Хруничев атындағы ФГУХ ГКНПЦ (өте мықты зымыран-ғарыштық фирма, алайда оның әлгіндей спутниктік жүйе жасау тәжірибесі болмаған).
2. 2011 жылы KazSat-2 жерсерігі ұшырылды. Өкінішке орай бұл жолы да сәтсіздік Қазғарыштың жанынан табылды.
3. 2014 жылы KazSat-3 жерсерігі ұшырылды. Барлығы Байқоңырдан ұшырылғанымен, Ресейде әзірленген болатын.
Тәуелсіздік алған ширек ғасырда миллиард долларлап қаржы құйып отырған Қазғарыш не тындырды? Далаға шашылған қаржыдан қазаққа қандай пайда бар?
Әлемдік тәжірбиеде Дамыған елдер ғарыш саласына жылына миллиардтаған қаржы бөледi. Мәселен, соңғы бiрер жылда АҚШ – 16,8 млрд, Жапония – 5 млрд, Қытай – 1,5 млрд, Ресей – 1 млрд. доллар жұмсаған. Қайтарымы болмаса, капиталистер сонша қаражат жұмсамас едi.
Ал бізде ше? Мәскеу жыл сайын Астанаға Байқоңырды жалға алғаны үшiн 115 миллион доллар төлейдi. Ғарыш айлағы мен Байқоңыр қаласының инфрақұрылымын дамытуға 170 миллион бөледi. Қайтейік енді?! Қазақстан ғарыш саласын дамытуға тырысып-ақ жатыр. Алайда бiздiң алғашқы ғарыш саласындағы қадамдарымыз сәттi болмады. Өзіміздің жерсерігімізді ұшырғымыз келіп, Ресейден көмек сұрап едік, олар бір зымыран жасап берді. Ол да кейін жоғалып кетті. Кейін тағы, тағы солай.
Айтпақшы, ел болып егемендік алғанымыз бен, Байқоңырдай ғарыш айлағымыз болғанымен, бір қазақтың ұланы әуеге көтерілмеді-ау, деп жүргенімізде Айдын ұшатын болды. Дегенмен, ол да мұң екен. Ғарышкер-сынақшы, авиация полковнигi Айдын Айымбетов пен ұшқыш-сынақшы Мұхтар Аймахановтарды ресейлiктер өздерiмен бiрге тек турист ретiнде ұшуына ғана қазақтан 130 миллион доллар сұрайды. Егер ғарышкер-жiгiттер ғарышта ғылыми, елге пайдасы бар жұмыспен айналыспаса, қалайша миллиондарды далаға шашуға болады?!
Нұргелді Әбдіғаниұлы