Құшағынан бұлттардың шыққан Аймын

/uploads/thumbnail/20170708190920848_small.jpg

АҢСАР


Қайда,қайда,
Алаңсыз ерке күндер?
Ерке күндер, жанымды өртедіңдер.
Күйге толы өмірдің сырын енді,
Шанағымен жүректің шертемін, кел...

 

Аққу ұшып үлгерді, қазың қайтып,
Ал мен жүрмін мезгілге назымды айтып.
Сағынып кел, аңсап кел тұрағыңды,
Жəудір жырым қалмасын жазылмай түк.

 

Сенсіз нені ұмыттым, нені ескердім,
Ертеңімнің ызғарлы желі ескен мың.
Саған барар жолдардан өзіңді емес,
Естелікпен жұптасқан елес көрдім.

 

Көңіліме өзіңді көмдім, көндім,
Қимастықтың шырағын сөндірген мұң.
Бір мен емес үмітін үзбей жүрген,
Оралмасын білсе де сол күндердің..!

 

ӨМІР

Ойларым жолдас боп алды түндермен кілең,
Тағатсыз іздеп келемін күн-бейнеңді мен.
Кезіге қалсақ, жүрегім нұрланса-дағы,
Көрсетем жұртқа сұрланып үлгерген рең.

 

Бақыт та, бақ та біздерді таниды делік,
Екеуміз жайлы айтпады фәни күрмеліп.
Ауада ұшқан асқақтық ұлпалары да,
Бұл күні менің жанымды қариды келіп.

 

Өзіңнен өзге кімге енді тағармын айып,
Салқындығыңнан қалса егер жанар мұңайып.
Сағынышыма тұншықсам, кетер ма екен -
Басымнан бағым, қолымнан қаламым тайып.

 

Қалмайтындығын ешқашан көңіл ұқтырып,
Мен емес,тағы мен болып сені күтті үміт.
Өмір дегенің  -  жұлдызға тілегіңді айту,
Орындалмасын білсең де егіліп тұрып!

 

МОЙЫНДАУ


Күн кінəлі,
алыстатқан араны.
Түн кінəлі,
(Ол өзі де жаралы)
Біз екеуміз қоштасқан сəт секілді,
Ай да түнге қолын бұлғап барады.

 

Гүл кінəлі,
үстелдегі солмаған.
Нұр кінəлі, 
түнекке кеп орнаған.
Шаттығы аз, қасіреті көп өмірді
Сағынышсыз сүре ала ма сонда адам??!

 

Жыр кінəлі,
саған əлі жазбаған.
Сыр кінəлі,
күзгі алаудай маздаған.
Көктемеден күлгін көйлек киіп ап,
Мезгілдерге назданам...

 

Мұң кінəлі,
келген сенің жыр еткің.
Үн кінəлі,
даусыңды естіп дір еттім.
Кім кінəлі?!
Біз кінəлі шығармыз -
Санаспаған дүрсілімен жүректің..!

 

ТАҢҒЫ СЫР

 

Өмір-ойын...
тағы да мен ұтылдым,
Сен кеткелі үйірсек боп бүкіл мұң.
Жастығымды айырбастап алдым мен
Қанатына ұйқысы жоқ үкімнің.

 

Таппағасын дауа болар емге түк-
Қара түннің қасіретін тең бөліп,
Ұрттап алып, өлең жазып отырмын,
Сен болып...

 

Қабағына қарамадым жалғанның,
Осы сәтте өз-өзіме таң қалдым.
Сезім тіккен көңілімнің кестесін,
Сен кеткелі сетінетіп алғанмын.

 

Жаратқанның жазуына көнген ек,
Тағдырымыз бөлек деумен жол бөлек.
Тілеуіңді тілеп жүрмін түндерде,
Таң алдында күбірледің сен не деп ?!

 

САУАЛ


Көктемді күтем дегенше,
Қой қоздап кетті дегейсің.
Өртеніп бітем дегенше,
Ой маздап кетті дегейсің.

 

Суықтан тоңдым дегенше,
Жаурады жаным дегейсің.
Жалғанға сендім дегенше,
Алдады бәрі дегейсің.

 

Өртеніп біттім дегенің –

Болмады сенер ешкімің.
Көктемді күттім дегенің –

Көрдің ғой оны кешқұрым.

 

Жалғанға сендім деген үн,
(Сен емес болсаң, кім деймін...)
- Не дейсің бұған, Өлеңім?!
- Білмеймін!

 

СЫР


Тамшылардың тырсылы - мəңгілік əн,
Мекендесе беймезгіл жанды күмəн.
Мамырдың шуағына шомыла алмай,
Нұр іздегем сəуірдің жаңбырынан.

 

Күн ұйқыда...Қара бұлт қарауылдап,
Шұғыласы ғаламнан барады ұзап.
Тереземді ықтаған көбелекке,
Тұрдым сонда мұңданып қарап ұзақ.

 

Көбелегім, көктемнен нені күттің,
Аяулыңды сен де ұмыт,
Мен ұмыттым!
Жыламашы, бекерге күрсінбейік,
Бізге бүгін ақталсын егіліп Түн.

 

Гүлсіз білем өмірді сүре аласың,
(Мұңсыз менің белгілі шыдамасым...)
Жараланғыш жаныңнан безер болсаң,
Нəзіктігі жүректің күнə ма шын?!

 

Дертіміз бар көнбейтін емге мүлдем,
Дүр сілкінді бүгін де Жер демімнен.
Таң атсыншы, ұша ғой,
Гүліңе бар,
Халін оның сұраймын мен де Күннен...

 

ЖАЛҒЫЗДЫҚ


Ешкім жоқ мына сары қызды ұғар,
Мұң менен жыры болмаса.
Əркімнің жалғыз жалғыздығы бар,
Жанашыр емес ол да аса.

 

Арманға алданып көз ілдім тағы,
Атар таңым да арайсыз.
Ерте гүлдеген сезімнің бəрі:
Баянсыз, бақсыз, талайсыз.

 

Сүймеуге мүлде бекіну деген,
Оңай-ақ шаруа! (Ессіздік...)
Өмір өтерін өкінуменен,
Өкініштісі - кеш білдік.

 

Кешіктік, кештік жүректің ісін, 
Тікен боп жанға қадалған.
Кеудемде өксік дір етті, түсін,
Əн салайыншы, уа, жалған!

 

ЭЛЕГИЯ ЕМЕС


Жолдас қайда жұбымыз мəңгі деген,
Біле алмадым көңілім қалды неден?
Жазмышымды жанарға көшіріп ап,
Жылдар кетіп барады жəудіреген.

 

Мендік ғұмыр болып жүр жұртқа "қайғы",
Құшағынан бұлттардың шыққан Аймын!
Əке, сенің есейген ерке қызың,
Он сегізге өзін еш жұптамайды.

 

Қол бұлғады өткенге күліп бүгін,
Болашағы сыйлады үміт гүлін.
Алақанын өлеңге жайған сəтте,
Əкесі Хан екенін ұмытты мың.

 

Тауға қарап өр болып өскесін бек,
Аласасын адамның тек кешірмек.
"Тəңіртауым - бір төбе",- дейді ақталып,
Қаратау мен Алатау сөкпесін деп.

 

Жанын жиі жаралап мықтысы кей,
Өмір не ол?!
(кетсе ше, тіпті сүрмей)
Ешкімнің ештеңесін алмаған ед,
Балапаның тағы отыр түк түсінбей...
Əке!

 

МАУСЫМДАҒЫ ЖЫР


Самалын əн қып көктемнің,
Жаз келді..
Əлі жоқ белгің.
"Маусым. Кеш. Сенің шаһарың",
Мазалай берді-ау өткен күн.

 

Оралмас шақтар елестеп, 
(Бір боламыз ба егессек?) 
Жаңбыр астында тұрып ек,
Қолшатыр қажет емес деп...

 

Көз жасы жолдас- мұңдардың,
Бар ма екен,сірə,құрғар күн?!
Сен берген сертті сезімнің,
Сиқырынан мен нұрландым.

 

Өзіңсіз жырға жақ ашпан,
Басыма төнді қара аспан.
Жалғыздық жалғыз тірегім, 
Жаратушыға жарасқан!

 

Жаздың да,күздің,көктемнің,
Салқынын сенсіз өткердім.
Жетісі бүгін маусымның,
Жыл өтті,
Жүдеу жүректі
жылатты тағы өткен күн..

Әлия ІҢКӘРБЕК  

Связанные Статьи