Арақ құрты

/uploads/thumbnail/20170708190918762_small.jpg

1

Кейінгі жылдары болмаған аптап. Қайда қарасаң да шаң басқан үйлердің шатырлары күннің қорғасындай өткір сәулесіне шағылысып, ұядағы қарлығаштың балапаны мен жұмыртқасын пісірердей ыстық. Егістік біткен, қарасорасы да, тарысы да, бәрі түгел көктей қурап жатыр. Егістікке төнген аспан да мына аптаптың әсері ме,  күңгірт тартып, саз ыдыста қуырылған күріш күлшедей  бұлттар жүзіп жүр. «Арақ құртының» оқиғасы осындай жаз мезгілінде өткен.

Күн күйіп тұрған шақ, сарай манында үш еркек  көрінеді. Мына біреуінің үстінде лыпа жоқ, етпетінен жатыр. Аяқ-қолы арқанмен байланған. Тырп етпейді. Орта бойлы, өңді және шошқадай семіз. Әлгі еркектің  бас жағында шағын қыш құмыра тұр.

Енді бірі сарыға оранған, құлағында титтей жез сырға тағулы. Бәлкім монах болар. Терісі қараторы, бұйра шашы мен сақалының пошымына қарағанда Памир жақтан келген-ау, сірә. Тұтқасы қызыл су бүркетін құтыны сілтеп, семіздің үстіндегі сона мен шыбындарды қуып отыр. Шаршаған сыңайлы, қыш құмыраға қол созғанда  күркетауық сияқты тізерлейді.  Енді бірі бұл екеуінен бөлекше, сарай бұрышында тұр. Еркектің иегінде тышқанның құйрығындай  ғана сақалы бар, өкшесіне тиетін ұзын қара шапанның белі қоңыр белбеумен буылған. Аққудың қауырсынынан жасалған желпуішті  маңғаздана ұстағанына қарап,  Конфуций жолындағы адам  дерсің.

Үшеуі  келісіп алғандай  үнсіз. Бірдеңені күткендей демін ішіне тартып тым-тырыс отыр. Күннің мезгілі шаңқай түс. Иттер де ұйқыға кеткен-ау, үрген дыбысы да естілмейді. Сарайды қоршаған қарасора мен тары егістігінің көк жапырағына Күн шуағын төгіп, төңірек маужырап тұр. Аптаптан  көкжиек от боп, ыстықтан бұлттар да тұншығардай. Көз жетер жерде тіршілік белгісі тек үшеуінен ғана көрінетін сияқты. Бірақ бұл үшеуі де Кантэйбйоу кесенесінен дамыл тапқан жансыз мүсіндей үнсіз...

Иә, бұл оқиға жапон жерінде емес, Чин елінің Чйоудзан деген өлкесіндегі Рю әулетінің  сарайында, жаздың күні болған.  

2

Шыжыған күн астында жалаңаш жатқан осы сарайдың иесі. Тегі — Рю, есімі — Тайсэй, Чйоудзанның дәулетті адамдарының бірі. Бұл еркектің сүйікті ісі арақ-шарап ішу, таңертеңнен кешке дейін тостағаны қолынан түспейді. Бір ішкенде бір құмыраны түгел тауысады, теңдесі жоқ ішкіш. Көлемі үш жүз муға жететін егістігі бар, оның жартысы  тары, сондықтан Рюдің ішкіштігінен  отбасы жапа шеккен емес.

Бұл неге шыжыған  күн астында  жалаңаш жатыр десек, оның мынандай себебі бар. Бұл күні Рю ішкіш жолдасы Сон сэнсэймен  бірге (бұл  ақ желпуішпен желпініп отырған Конфуций жолын ұстанушы) бөлмедегі желдің өтінде бамбук жастыққа  жастанып, дойбы ойнап отырғанда қызметші кіріп, «Сізге Хоудоудзи ғибадатханасынан дәруіш келіп тұр» дейді. «Не, Хоудоудзи?» деген Рю кішкентай көзін  сығырайтты. Содан соң   семіз денесін  қозғалтып, «Келсін мұнда» деді. Сон сэнсэйдің жүзіне қарап: «Иә, әлгі боушю (дін адамы) ғой!»  дегенді қосты.

Хоудоудзидегі  боушю  Орта Азиядан келген  дәруіш еді. Ғажайып шипагерлігімен атағы шыққан ол бұл аймақта да даңқты.  Мәселен, Чян деген кісіні суқараңғылықтан құтқарса, оның емін қабылдаған Суэши деген біреу ісіктен құлан таза айығыпты деген әңгімелер бүкіл елге жайылған.  Бұл сөз Рю мен оның жолдасына да жеткен. Жат жұрттық дәруіш  Рюге не үшін келді екен? Рю оны шақыру туралы ойламаған-ды. Тегінде Рю қонақжай адам емес.  Бірақ үйінде кісі отырғанда біреу қонаққа келе қалса жылы шыраймен қарсы алатын. Қонақжай боп көрінгісі келеді де. Оның үстіне бұл дәруіш атақты ғой. Рю содан болар, оны қабылдауға бел буды.

—  Неге келді екен?

—  Садақа сұрайтын шығар.

Екеуі осылай десіп тұрғанда  ішке ұзын бойлы, көкшіл көзді, келбетті бір дәруіш кірді. Сары жамылғы оранған, бұйра  шашы иығына түскен. Қып-қызыл шюби ұстап  баяу ғана бөлменің ортасына барды.  Амандасқан жоқ, еш тіл қатпады. Рю өзін қолайсыз сезініп, сасқалақтап:  

—  Сізге не қажет? —  деді. Дәруші айтты:

— Сен екенсің ғой, ішімдікке әуес?

— Солай болар.

Рю жалтарғандай  боп  дүдамал жауап беріп, шығар жол іздегендей Сон сэнсэйге қарады. Сон сэнсэй дойбы тақтайындағы тастарды сырғытып жатқан. Бейнебір жолдасының қарағанын сезбеген сыңайлы.

— Сен сирек ауруға шалдығыпсың. Соны білесің  бе? — деді дәруіш.

Рю «ауру» деген сөзді естігенде таңданып, жастығын сипалап:

— Ауру дейсіз бе? — деді.

— Иә.

— Қалайша? Мен бала кезімнен...

Дәруіш оның сөзін бөліп жіберіп:

— Арақты қанша ішсең де мас болмайсың ғой, — деді.

Рю дәруіштің жүзіне тесіле қарап, үнсіз қалды. Ол расында қанша ішсе де ешқашан мас болмаушы еді.

— Бұл аурудың белгісі, — деді дәруіш сәл жымиып. — Сенің  ішіңде арақтың құрты бар. Оны алып тастамаса  бұл ауру жазылмайды. Мен сені осы дерттен емдеуге келдім.

— Емделуге бола ма сонда?

 Рюдың даусы күмәндана шықты, бұнысы үшін ұялып та қалды.

— Әрине, сол үшін келдім ғой.

 Сол сәтте үндемей, екеуін тыңдап тұрған Сон сэнсэй  дереу әңгімеге араласты.

— Дәрі бересіз бе?

— Жоқ, ешқандай дәрінің керегі жоқ, — деді дәруіш жайбарақат.

 Сон сэнсэй  Буддизмнің екі тармағын да жақтырмаушы еді. Сондықтан доуши,  дзоурйо сияқты монахтармен  бірге болса, сөздеріне араласпайтын, Ішімдіксіз тұра алмайтын ол  «арақ құрты» деген сөзді естігенде өзінің қарнында да құрт бар шығар деп ойлады. Бірақ дәруіштің байыппен айтқан мысқылды жауабын естігенде өзін ақымақ сезініп, қабағын түйген күйі  үндеместен тастарды жылжыта бастады. Ол дәруіш Рюді ақымақ етіп тұр деп ойлады. Рю болса жолдасының не ойлағанында шаруасы жоқ.

— Ине пісесіз бе?

— Неге? Одан да жақсы амал бар ғой.

— Дұға оқу ма?

— Жоқ, дұға емес. Дәруіш емдеудің тәсілін айтты. Рю бар болғаны тыржалаңаш шешініп, күн қызуы мол түсетін жерге жатуы керек екен. Рю бұны оңай көріп емделуге бел байлады. Оның үстіне  атақты дәруіштен ем қабылдау қызық боп көрінді.

Рю келісімін білдіргендей басын иіп, «Ал, емді бастаңыз» деді. Түгел шешініп, күн сәулесі өткір түсетін жерге жатты. Дәруіш тапжылмау керектігін ескертіп, Рюдің денесін арқанмен байлап  тастады. Одан соң  қызметшінің біріне арақ құятын қыш құмыраны Рюдің бас жағына қоюды бұйырды. Емдеу рәсімін Сон сэнсэй  де өз көзімен көруге ынталы еді. Арақ құрты деген не бәле, бас жақтағы қыш құмыра неге керек, оны тек дәруіш қана біледі.

3

Аптап. Маңдайдан шып-шып шыққан моншақтай тер самайдан сорғалауда. Оның бүкіл денесі арқанмен шырмалған, қолымен терін де сүрте алмайды.  Терді сілікпек боп басын шайқағысы келді, бірақ көзі қарауытып, ешқандай  қимылға бара алмады. Тер де ұялмастан  қабақтан сорғалап, мұрын тұсынан ауызға ағып, иектен төмен құйылды.  Жиренішті жағдай.   Көзін ашып, ағарып күйген аспанға, қарасораның салбыраған жапырақтарына қарап жатқан  Рю тер аға бастағанда көзін аша алмай қалды. Рю өмірінде алғаш рет тер көзге құйылғанда  ашытып өртейтінін білді. Қасапқа бара жатқан қойдай момақан түрде көзін жұмып, күн шыжғырғанда беті ғана емес, денесі  түгел удай ашыды. Терісі ашыса да, қозғалу мүмкін емес. Рю емделуге келісім бергеніне өкінді. Бірақ нағыз азап алда екен. Енді ол өлердей шөлдеді. Рю  жорыққа шыққан Соусоудың  (ежелгі дәуірдегі қолбасшы) алда қараөрік  тоғайы бар деп, сарбаздарының шөлін сөзбен басқаны  туралы  әңгімені естіген. Бірақ ол қышқылтым нәрлі қараөрікті көзіне қанша елестетсе де шөлдегені басылмады.  Иегін қозғалтып, тілін шайнап  көрді, аузының іші өрт боп тұр. Егер бас жағында қыш құмыра тұрмағанда бұл шөлді оңай өткерер еді.  Құмыраның аузынан бұрқыраған арақ иісі мұрнын жыбырлатып барады. Танауын қытықтаған иіс күшейіп кетті. Рю құмыраға қарамақ боп көзін ашты. Жоғары жақтан  құмыраның аузы мен  томпақ бүйірі ғана көрінді. Көргені сол ғана болғанмен Рю ыдыстың іші алтындай жылтыраған ішімдікке  толы екенін сезді. Ол кеберсіген ернін құрғақ тілімен жалады, бірақ сілекей шықпады. Аптаптан тер де кеуіп, ақпай қалды. Бірнеше рет басы айналып, көзі қарауытты. Рю ішінен дәруішті қарғады. Сөзіне иланып, өзін неге жан төзбес азапқа салды екен? Бәрінен шөл азабына шыдау мүмкін емес. Жүрегі айныды. Ары қарай төзе алмас. Ауыр тыныстаған Рю бас жағында отырған дәруішке емдеуді тоқтатуды өтінбек боп аузын аша бергенде...

  Сол кезде Рю жұмырланған бірдеңе баяу ғана  өңешінен жылжып, кеңірдегінен шыққанын сезді. Кесіртке сияқты жұмсақ нәрселердің жұтқыншағындағы қозғалысын сезді. Сол сәтте шаянбалық тәрізді  жұп-жұмсақ құрттар  жұтқыншағынан ытқып шығып, қыш құмыраның ішіне түсті. Тапжылмай отырған дәруіш орнынан тұрып,  Рюді арқаннан босатты.

— Арақ құрты шықты, қам жеме, — деді. 

— Шынымен шықты ма? — деді Рю ыңырана, басын көтеріп. Болған жайға қатты таңданған ол шөлдегенін ұмытып, жалаңаш күйі құмыраға жақындады. Сол сәтте Сон сэнсэй де ақ желпуішін желпіп, жетіп келді. Үшеуі құмыраның ішіне төнді, кесіртке балық тәрізді күрең құрттар арақтың ішінде жүзіп жүр. Ұзындығы үш сун (1 сун – 3,03 см) болатын құрттың  аузы, мұрны көрінеді. Ішімдікті еркін жұтып, құмыра ішінде жүзіп жүр. Рюдің бұл көріністен жүрегі айныды.

4

Дәруіштің емінің нәтижесі бірден көрінді. Рю Тайсэй  сол күннен бастап  ішімдікке жоламайтын болды. Арақтың иісінің өзінен жиіркенетін болды.  Бір ғажабы содан кейін  Рюдің денсаулығы сыр бере бастады. Арақ құртынан арылғанына үш жыл өткенде аппақ қуда        й боп арықтады. Жүзі қуарып, шашы сиреп, ағарып кетті. Бір жыл ішінде бірнеше  рет төсекке таңылып жатты. Рюдің денсаулығы ғана емес, мал-мүлкі да кеміді.  Көлемі үш жүз муға жететін егістік даласы басқалардың қолына өтті.  Рюдің өзі қолына соқа ұстап бейшара күйге түсті.

Арақ құртын құсқан соң  Рюдің денсаулығы неге төмендеп кетті? Неліктен байлығы азайды?  Бұл екі жағдайдың себебін іздесек,  негізі бір емес пе екен? Осы сұраққа Чйоудзан өлкесінің тұрғындары,  түрлі кәсіп иелері жауап беруге тырысты. Олардың пікірі де әртүрлі. Мына үш тұжырымды сол жауаптардың ішінен іріктеп алдық.

Бірінші жауап: Арақ құрты — Рюдің бақ-берекесі еді. Бірақ ол аурудың себебі емес. Надан дәруішпен кездесу арқылы Рю Тәңірі берген бақтан айырылып қалды.

Екінші жауап: Арақ құрты — Рюдің дерті, байлығына  ешқандай қатысы жоқ. Неге десеңіз, бір ішкенде құмыра толы арақты түгел тауысу ақылға симайды. Сондықтан  арақ құртынан арылмағанда Рю бәрібір ұзақ тұрмай, өлер еді. Яғни кедейлік пен ауру — Рюдің бағы.

Үшінші жауап: Арақ құрты Рюдің бағы да, соры да емес. Рю бұрыннан ішкіш. Оның өмірінің мәні — арақ. Одан айырылған соң түгі  қалмады. Демек, Рю — арақ құрты, ал арақ құрты дегеніміз Рю. Сондықтан Рюдің арақтан қашуы өзін-өзі жоюмен тең. Яғни, арақты тастаған күннен бастап Рю Рю болудан қалды. Рю өзін өзі жоғалтқаннан кейін денсаулығынан да, бақ-берекесінен де айырылды.

Бұл жауаптардың қайсысы дұрыс, оны мен де білмеймін. Мен тек Чин  ойшылының дидактикалық ұлағатты әңгімесін мысал еттім.

Акутагава Рюноскэ

Жапон тілінен аударған Шарафат Жылқыбаева

"Қамшы" сілтейді                                          

Связанные Статьи