Ақорданың алдына биліктен жәрдем сұрап барған астаналық тұрғын Жеңісгүл Ермұхаметтің отбасына уақытша паналайтын екі бөлмелі пәтер берілетін болды. Бұл туралы «Қамшы» порталы «Азаттыққа» сілтеме жасай отырып хабарлайды. Астана қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бастығы Ләззат Абуева Жеңісгүл Ермұхаметті қабылдап, оған екі бөлмелі уақытша пәтер беретінін айтқан.
Үшінші топтағы мүгедек Жеңісгүл Ермұхамет отбасында сегіз бала барын, күйеуінің екінші топтағы мүгедек екенін, 2004 жылы Қытайдан Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданына қоныс аударған отбасы былтыр Астанаға көшіп келгенін айтады. Сөзіне қарағанда, осы кезге дейін 35 мың теңгеге баспана жалдап тұрып келген.
Сегіз баласымен бірге Ақорданың алдына келген Жеңісгүлге қалалық прокуратура мен қала әкімдігінен келген өкілдер «әкімдікке барып сөйлесуді" ұсынған. Бірақ өзін президент Назарбаевқа жолықтыруды талап еткен әйел әкімдікке барудан бас тартқан. Бұдан соң полицейлер әйелді балаларымен бірге көлікке күштеп отырғызып, Ақорданың алдынан алып кеткен. Жеңісгүл осылайша президентпен жолыға алмады. Бірақ уақытша болса да баспана мәселесін шеше алды.