Қалмақты жеңген қазақпын

/uploads/thumbnail/20170708190934536_small.jpg

Нұрбек Сәбираұлы – 1990 жылы Моңғолия Баян-Өлгий аймағының Алтай сұмынында дүниеге келген. 

 

Қылышын қанға батырған,

Айдаһардай ақырған.

Заманында қалмаққа,

Арыстан болып атылған,

Қаһарман батыл қазақпын.

            Қаршығадай қырағы,

            Ақ көбік шашып пырағы,

            Зулағанда қалмаққа,

            Абылай болған ұраны,

            Қалмақты жеңген қазақпын.

Қаһарман батыл ұланы,

Ақиық құстай қырағы,

Зулаған жебе оғындай,

Астында тұлпар пырағы,

Қалмақты қырған қазақпын.

            Қамшысын жауға білеген,

            Алладан медет тілеген.

            Зымиян жаудың кегінен,

            Ата мен ұл жүдеген,

            Қайғы да көрген қазақпын.

Қанжар, қылыш асынған,

Айбынын жаудан асырған,

Заманында жаулары,

Аяғына бас ұрған,

Қайратты асыл қазақпын.

Қара бала қамы үшін,

Алаштың бақыт бағы үшін.

Зар жылаған тапталған,

Аналардың ары үшін,

Қан төгіс көрген қазақпын.

Құрметтеп достық парызын,

Атаның ақыл, ар-ізін.

Зулаған жаудың оғына,

Ананың ақтап қарызын,

Қарсы тұрған қазақпын.

Қастандық көріп қырылған,

            Ақ табан болып шұбырған.

            Заманында нәубеттің,

            Алқымға жаны тығылған,

            Қасірет те көрген қазақпын.

Қан сасып жазық даласы,

Аңырап талай анасы,

Зар жылап жетім жесірлер,

Ауырсадағы жарасы,

Қайыспаған қазақпын.

            Қазақпын әділ дауына,

            Айбарлы, қатал жауына,

            Заманда бейбіт мамыржай,

            Ақ орда тігіп тауына,

            Қыр жайлаған қазақпын.

Намысын қолдан бермеген,

Ұл менен қызын тең көрген.

Разы болса жатты да,

Бауырыменен теңгерген.

Еңбекпен егіз жаралған,

Көк бөрі тектес қазақпын.

            Батыр ақын би де туған қазақпын,

            Егеменді ел, тәуелсізбін азатпын.

            Басқа ұлттардан тағы ерекше бір сырым,

            Дұрыс оқы, теріс оқы ҚАЗАҚ-пын.

                       

Арулар – аналар

Бар әлемді әлдиімен тербеткен,

Жүректерді пәк сезімге меңдеткен.

Арулар ол – асыл жандар, аналар,

Ұрпағым деп әркез маңдай терлеткен.

Арулар ол – қызыл гүлі қырқаның,

Ақындардың бөлісетін жыр таңын.

Аналар ол – әкелетін өмірге,

Әр халықтың батыры мен сұлтанын.

Арулар ол – сұлулықтан нәр алған,

Бұл өмірдің қызығы боп жаралған.

Аналар ол – ардақтысы әлемнің,

Бүкіл әлем құрсағынан таралған.

Арулар ол – әсем әуен шырқалған,

Жыр боп жеткен бір таңыңа бір таңнан.

Аналар ол – бар бақыттың жыршысы,

Әлдиімен бүкіл әлем қымталған.

Арулар ол – тәтті қиял, бір арман,

Сұлулық жоқ асатұғын бұлардан.

Аналар ол – махаббаттың ұлысы,

Әрқашан да жар болсын тек бір Аллам.

Нұрбек Сәбираұлы

Связанные Статьи