- Әбдікерім мырза, өзіңізді ұлттық өнердің жанашыры, шебері ретінде естіп-біліп жатамыз. Қарғалыға ат терлетіп сізді іздеп келдік. Әуелі өзіңіз жайлы айтсаңыз.
- Мен 1962 жылы Қытай елінде Шәуешекте туыппын. Содан елге өтіп, Семей облысы, Шұбартауда өстім. Сонда оқыдым. 1978 жылы Семейдегі Мұқан Төлебаев атындағы музыкалық мектептің домбыра сыныбында оқыдым. Оны бітірген соң, Алматыға келіп Жәнібек аға Кәрменовтен 2 жылдай сабақ алдым. Отырар сазында екі жылға жуық жұмыс істедім. Кейін қайта ауылға кеттім. Ауылда 1995 жылға дейін әнші болып жүрдім. Тар заман келгенде қайтадан Алматыға келдік. Қайта келгенімде домбыра жасап, қолөнермен айналысып кеттім. Содан бері Осы кәсіппен айналысып келемін.
- Өзіңіз бір тегім ұйғыр, бір тегім қазақ деп жүрсіз, осыған қарамастан қазақтың ұлттық саз аспабы домбыраны жасауды қолға алыпсыз, бұл кәсіпке қалай келдіңіз, жүре келе үйрендіңіз бе?
- Менің әкемнің әкесі ұста, ағашшы болған кісі екен. Әкем де үй жиһаздарын, ат әбзелдерін өзі жасап жүре беретін адам болған. Бірақ, атам аты шыққан, ел іздейтін шебер болыпты. Мен де бұл істі қолға алам деп алған жоқпын. Заманның қиын кезінде қолдың ебі осыған келді. Баяғыда дүкеннен домбыра сатып алып, соны бұзып, қайтадан жасап жүретінмін. 2000 жылдан бастап бұл жұмысқа бар зейінімді салып отырдым. Жан-жаққа домбыра жасайтын жігіттерге барып, тәжірибе алмасып, олар қалай жасайды, қалай шегелейді, қалай жабады үйреніп, шеберлігімді толықтырдым. Қазір құдайға тәубә, менің домбырамды ел алдында жүрген адамдардың көбі пайдаланады.
- Атап айтар болсаңыз, сізге бүгінге дейін есімін жұрт білетін адамдардан кімдер домбыра жасатты?
- Қазақстанға аты мәшһүр әншілер: Қайрат Байбосынов, Рамазан Стамғазиев, ақындардан: Ринат Зайытов, Балғынбек Имашев, Аманжол Әлтаев, Дәулеткерей Кәпұлы, Сара Тоқтамысқызы... ақындардың негізінен 80 пайызы менің домбырамды ұстап жүр. Академияның, консерваторияның шәкірттері де негізінен менен домбыра алдырады. Өзім әншімін де, домбыраның дыбысын білем, қалай жасалса қандай дауысқа лайық болатынын білемін, әрі, соған қарай жасаймын, сондықтан да көп әншілер маған домбыра алуға келеді.
- Домбыра материалын қалай дайындайсыз?
- Домбыраның жасалуында, ең бірінші көңіл аударар тұсы- тазалық. Ең бастысы кепкен ағаштан жасалады. Маңыздысы домбыраның бетін дұрыс жабу әрі мойнын дұрыс түзеу керек. Негізінен қатты ағаштан жасалады. Кей материалдарды шетелден алдырамын: шамшат, палисандра, венга, яавр үйеңкісі сияқты ағаштар шетелден келеді. Өзімізден Алматының кейбір жеміс ағаштары бар. Ескі, 100 жыл болған үйлерге қолданылған ағаш материалдарынан да таңдап аламыз. Жуан, жіңішке дауыстардың талғамына қарай түрлі домбыралар жасалады. Домбыра жасағанның өзі де қиындау. Кейбіреуге домбыра күйге керек, кейбіреуіне әнге керек. Тенор әнші бар, баритон әнші бар, сұранысқа қарай жасаймын.
- «Жас Алаш»газетінің өткен сандарының бірінде сіз туралы «Ұйғырдан шыққан жалғыз қазақ» деп жазған екен...
- Ұйғырдан шыққан себеп - 1982 жылы Отырар сазы оркестрі құрылды. Онда мен Жәнібек ағаның қолында оқимын. Бір күні қасында 2-3 адамы бар Нұрғиса аға бізге әнші іздеп келді. Ол кезде Ғарифолла Құрманғалиевтердің көзі тірі еді. Олар Ғарекеңнің класына кіріп шықты да, сосын біздің класқа кірді. Біздің класта жетеу оқитын едік. Содан менен сұрады: «Әй, қара бала, сен қайдан келдің?» деп. Жөнімді айттым. Мені өзімен ертіп кетті жұмысқа аламын деп. 2 желтоқсанда Отырар сазының ашылу концерті болды. Маған екі нөмір жазып берген, екі өлең айтасың деп. Сахнаға шығып екі ән орындадым. Халық ысқырып, шулап тұрып кетті. Қошаметтеп шақырғанда үшінші рет шыққан едім сахнаға, Нұрғиса аға білегімнен ұстап, қолымды көтеріп «Ұйғырдан шыққан жалғыз қазақ» деп айғай салды. Ертеңінде «Мәдениет және тұрмысқа», «Қазақ әдебиетіне» суретім шығып, мен туралы мақала бір күнде бұрқ ете түсті.
- Сіздің «қазақ» болып кетуіңізге не себеп болды?
- Біз қазақ мектебінде оқыдық. Әке-шешем қойшы болды. Үйде қашанда радио саңқылдап тұрады. Біз Жүсіпбек Елебековтің, Мәдениет Ешекеевтің үнін тыңдап өстік. Мен төртінші сыныптан бастап өлең айттым. Сегіз бітірген кезімде біздің ауылдан таланттарды жинады, солардың ішінде мені де алып кетті. Сөйтіп Семейдегі музыка мектебіне түстім. Ол жерде әнге жарайтын домбыра болмады да, домбыра оқыдым. Хорда ән айттым, сөйтіп Алматыға кеттік. Домбыра Құлағымызға әбден сіңді. Сонымен қазақтардың өзі сенбейтін қазақ болып кеттік.
-Сұхбатыңызға рахмет, еңбегіңіздің жемісін көріңіз.
Әңгімелескен Ерлан Төлеубай.