Жамбыл облысының Қордай ауданындағы жаппай тәртіпсіздіктер бойынша 120-дан астам қылмыстық іс тергеліп жатыр. Бұл туралы үкіметтегі брифингте ішкі істер министрлігінің тергеу департаментінің басшысы Санжар Әділов мәлімдеді.
– Қазіргі уақытта адам өлімі бойынша қылмыстық кодекстің 99-бабына сәйкес 11 қылмыстық іс тергеліп жатыр. Тергеу жүргізіп жатқан ведомствоаралық тергеу-жедел тобын Бас прокуратура басқарады. Өкінішке қарай, қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес тергеудің алдын ала қорытындысын, сондай-ақ қылмыстық жауапқа тартылған, қамауға алынған адамдардың санын айта алмаймын, – деді Әділов.
Бұған дейін 90 қылмыстық іс қозғалғаны хабарланған еді.
Департамент басшысы қазіргі таңда қамауда отырғандардың және күдікке ілінгендердің бар екенін растады. Әзіргі тергеу жұмыстары жүргізілуде.
Оставить комментарий