«Жігерлі лидерлер – қуатты партия». Осылайша Nur Otan халықаралық тәжірибеге сай халықпен жұмыс істеудің жаңа тәсілдерін енгізуде. Соның бірі – ішкі партиялық сайлау, яғни праймериз,- деп хабарлайды Qamshy.kz тілшісі.
Қазіргі уақытта Nur Otan басшылығы елдің түкпір-түкпірін аралап, праймериз туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.
Апта басынан бері жетекші партия төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек Шымкент, Түркістан, Қызылорда өңірлерінде жұмыс сапарымен жүр. Ол шалғайдағы бірқатар елді мекендерінің тұрғындарымен кездесіп, көкейкесті мәселелерді сол жерде талқылап, шешімін бірге қарастырды.
– Біз әрбір өңірде сәуір-мамыр айларында праймериз өткіземіз. Қазақстан бойынша 920 мың адамды ұйымдастырып, халыққа біз мүмкіндігінше өзіміздің саясатымызды түсіндіруіміз керек,- деді Б. Байбек.
Праймеризге көптеген саясаттанушы-сарапшылар қызығушылық танытып отыр. Бірақ қарапайым тұрғындар ол туралы нақты біле бермейді.
Сыр өңірінде жүрген Nur Otan хатшысы Арман Қырықбаев та өңірдің қоғамдық кеңес мүшелерімен, түрлі сала өкілдерімен, зиялы қауымымен, жастармен кездескенде бұл жаңалық жайлы айтып берді.
⠀
– Нақты айтсақ, праймериз деген – сайлау алдындағы ішкі сайлау. Бұйыртса, көктемде бүкіл елде кәдімгідей дода, дебат, үгіт-насихат жұмысы болады. Суырылып шыққан ең мықты, елге сөзі өтетін беделділер партия атынан үміткерлер тізіміне ілініп, үлкен сайлауға түседі. Дамыған демократияларда саяси партиялар осылай алдын-ала ішкі «сайлау» өткізіп алуға тырысады. Ол бір жағынан партияның өз ішіндегі мықтыларын іріктеуге мүмкіндік берсе, екінші жағынан, партиямен мұраттас, елдің сөзін сөйлейтін басқа да азаматтарды қатарға тартудың құралы,- деді Арман Қырықбаев.
Оның айтуынша, праймериз арқылы партияның кез келген мүшесі және партия қатарында болмаса да, елдік мүдде жолында онымен мұраттас барлық азаматтар, арнайы өтініш беріп, іріктеуге қатысуға, жеңсе тізімге ене алады.
Бұл – көкейдегі елге деген пайдалы ойларымды қалайша іске асырамын деп жүрген белсенді жандарға жақсы мүмкіндік болмақ.
Оставить комментарий