Қазақстанда Президенттік институт осыдан 30 жыл бұрын енгізілді, яғни 1990 жылы 24 сәуірде Жоғарғы Кеңес Қазақ ССР Президенті лауазымын бекітті және Жоғарғы Кеңес сессиясында басым дауыспен Н.Ә. Назарбаев Президент болып сайланды. XX ғасырдың 90 жылдарындағы елде қалыптасқан жағдай, әсіресе Кеңес Одағы тараған кездегі нарықтық экономиканы қалыптастыру, қоғамдық қатынастардың барлық салаларын жаңа үрдістерге сәйкестендіру, әлеуметтік-экономикалық қиыншылықтарды шешу міндеттері жаңа саяси жүйені президенттік басқару формасына басымдық беру арқылы қалыптастыру қажеттігін көрсетті.
Айта кетсек, 1991 жылғы 1 желтоқсанда Қазақстан Республикасының азаматтары бүкілхалықтық сайлауда тұңғыш рет ел Президентін сайлады. Сол уақыттан бері Президенттік институт Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев тұлғасымен байланыстырылып келді.
Қазақстан әлем елдерінің тәжірибесін мұқият зерделей отырып, өркениетті қоғамға және заманауи талаптарға сай өзіндік саяси және тарихи жолын жүріп келеді. Президенттік билік институты Қазақстанның күн тәртібіндегі өзекті мәселелердің кезең кезеңімен шешілуіне, елдің дамудың жаңа сатысына көтерілуіне, саяси, экономикалық және әлеуметтік салалардың тұрақтандырылуына, ұлттық қауіпсіздіктің қамтамасыз етілуіне кепіл болды. ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттігіміз бен дұрыс стратегияны таңдауда, ішкі және сыртқы саясаттың негізгі бағыттарын айқындауда көрегендік танытты.
Елбасы бүгінде халықаралық қатынастардың толыққанды субъектісі болып табылатын Қазақстанның әлемдік сахнадағы беделін нығайтуға баға жетпес өзіндік зор үлесін қосқан тарихи тұлға. Н. Назарбаев басшылығымен еліміздің бейбіт сүйгіш, көпвекторлы, сындарлы сыртқы саясаты қалыптасып, даму үстінде. Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев аймақтық және халықаралық саясатқа ықпал ететін бірнеше қауіпсіздік және экономикалық ынтымақтастық құрылымдарының бастамашысы болды. Атап айтсақ, Еуразиялық экономикалық одақ, Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңес, Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі және т.б.
Бүгінде Президенттік билік институты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ел басқару жүйесінде сабақтастығын және жалғасын тауып отыр. Осы уақытта ішкі және жаһандық деңгейдегі күн тәртібіндегі сын-тегеуріндерді, бүкіл әлемнің зор алаңдаушылығын тудырып отырған короновирус індетімен күрес сияқты жағдайларды еңсеруге бағытталған саяси шешімдер қабылдауда Президент тұлғасының мойнына жүктелген жауапкершіліктің зор екендігін айқын көрсетті. ҚР Президенті Қ.К.Тоқаевтың «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласы мемлекет тұрақтылығының негізі болатын саяси жүйенің өміршеңдігін, тиімділігін ары қарай да дәлелдемек.
Қазақстанға шетелдік әріптестерінің, алпауыт мемлекеттердің лидерлерінің қарым-қатынасы, әсіресе Тұңғыш Президент – Елбасы Н.Назарбаевтың және іс басындағы Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың әлемдік саяси сахнадағы беделі қазақстандық даму жолының мойындалғандығын және оң бағаға ие екендігін көрсетіп отыр. Бұл жетістіктердің бастауы – 30 жыл бұрын жасалған таңдау Президентік институтымен тікелей байланысты.
Әсел Назарбетова
ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ
халықаралық зерттеулер бөлімінің басшысы
Оставить комментарий