Биыл алдағы шілде айында Маңғыстау облысындағы Түпқараған ауданында ірі құс фабрикасы іске қосылады. Бұл туралы қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Бақытжан Қашақов мәлімдеді.
Бүгінде аймаққа құс еті толық сырттан, Қостанай облысы мен Алматы қалаларынан және өзге елдерден тасымалданады. Жеке үйінде құс өсіретін тұрғындарды қоспағанда барлығы сыртқы өнімді тұтынады. «Ал, Түпқараған ауданындағы «Ақтау Агро» құс фабрикасы іске қосылған соң, өңір халқының 1 жылдық қажеттілігінің 50 процентін қамтамасыз етеді. Кәсіпорынның жылдық қуаты 5 мың тонна»,-дейді Б.Қашақов.
Инвестициялық жобаның құны – 4,5 млрд теңге. Қазір мұндағы құсты сою цехы 80 % дайын тұр. Қажетті құрал-жабдықтар Ираннан келді. Монтаждау жұмыстары жасалып жатыр. Инкубатор цехы 75 % дайын. Осы айда құрал-жабдығы келіп монтаждау жұмыстары басталады. Құс қоралары, әкімшілік ғимараттары мен гараж сынды 16 ғимараттан тұратын кәсіпорын құрылысы аяқталуға жақын. Газ, тоқ, су құбырларын тарту жұмыстары да алдағы маусым айында аяқталады. Қазір құрылыс басында 60 адам, кәсіпорын іске қосылған соң 120 адам тұрақты жұмысқа орналасады. Фабрика бастапқыда 30 % жұмысты байтайды да, кезең-кезеңімен 100 % қуатта жұмысқа кіріседі.
Оставить комментарий