Алматыда коронавирустық инфекцияны жұқтырудың жаңа 27 жағдайы тіркелді. Олардың барлығы – медицина қызметкерлері. Бұл туралы қала әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Жалпы қала бойынша COVID-19 инфекциясына шалдыққан 172 науқас бар.
Бұл туралы Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тілеухан Әбілдаев онлайн режимде өткен брифингте мәлімдеді.
Бүгін анықталған 27 науқастың алтауы ер адам болса, 21-і әйел адам. Ескерте кетейік, араларында бір жүкті әйел бар.
– Медицина қызметкерлерінің жай-күйіне тоқталсам: екі адамның жағдайы полисегментті пневмонияларына байланысты – ауыр болса, қалған адамдардың барлығында – қанағаттанарлық, – деді спикер.
Коронавирус анықталған 20 қызметкер шұғыл медициналық көмек көрсетуді жалғастырған Қалалық орталық клиникалық аурухана қызметкерлері. Ал қалған 7 адам болса, бұлар 4 сәуірдегі алғаш рет тапсырған тестілері теріс нәтиже көрсеткен Балалар жұқпалы аурулар ауруханасының дәрігерлері. Әдетте, бұлар әртүрлі патологиясы бар науқастар болғандықтан, олардың арасында ауру белгілері көрінбегендері де болуы мүмкін, сәйкесінше, бұл дәрігерлердің вирус жұқтыруына себеп болуы мүмкін. Аталған факті бойынша қазір эпидемиологиялық тексерулер жүргізілуде.
Қазір медицина қызметкерлерін тексеріп-қарау бойынша барлық шаралар қолданылуда деді басқарма басшысы. Бұдан басқа, барлық қалалық клиникалардың ішінде қызметкерлерді коронавирусқа міндетті түрде тексеріп-қараумен эпидемияға қарсы іс-шаралар күшейтілді деді.
Айта кетейік, қазіргі уақытта инфекциялық стационарда жалпы 122 адам емделуде. Олардың ішінде 89 науқастың жай-күйі – қанағаттанарлық болса, 8 адамның жағдайы – ауыр, 25 ересек адамда (1 облыстық) – ауырлықтың орташа дәрежесі деп бағаланған. Ем алушылар арасында 3 жүкті әйел бар.
47 ересек адам және 2 бала сауығып шықса, екі адам инфекциядан қайтыс болды.
Провизорлық орталықтарда 186 адам бар, оның ішінде 10-ы бала. Карантиндік оқшаулауда – 426 адам, ал үй карантинінде – 6199 адам отыр.
Оставить комментарий