Алматыда ораза кезінде ауызашар үшін мұқтаж жандар мен көпбалалы отбасыларға тамақты үйлеріне жеткізіп беруге болады. Бұл туралы қала әкімдігінің баспасөз қызметі мәлімдеді.
Рамазан айында ораза тұтқан бауырларымыз өз үйінде ауыз ашқаны дұрыс. Ал мұқтаж жандар мен көпбалалы отбасыларға ауыз аштырғысы келетін азаматтар болса, олардың бұл сауапты ісі де тек карантин талаптарына сай жүргізіледі. Алматы қаласының бас имамы Еркінбек Шоқай онлайн режимде өткен брифингте осылай мәлімдеді.
Карантинге байланысты елімізде уақытша жиын-тойлар өткізуге, ас беруге, адамдардың шоғырлануына, тіпті, мешіттерде жамағат болып құлшылық етуге уақытша тыйым салынды. Әрине, бұл азаматтарымыздың денсаулығын сақтау мен жұқпалы індетті ауыздықтау үшін жасалған шешім.
– Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы жұқпалы індеттің таралуының алдын алу мақсатында тарауық намазы мешіттерде жамағатпен оқылмайтынын және мешіттерде, дәмханаларда, қоғамдық орындарда, т.б. мекемелерде жиналып ауызашар беруге уақытша болмайтынын жеткізді. Сондықтан қасиетті Рамазан айында ораза тұтқан бауырларымыз өз үйінде ауыз ашқаны дұрыс, – деді Е. Шоқай.
Егер бұған дейінгі Рамазан айларында ауызашарды жыл сайын мешіттердің жанында, мейрамханалар мен үйге қонақ шақырып ұйымдастырған болсақ, биылғы оразада бұл істерге рұқсат жоқ.
Ауызашарды тек үйде ғана өткізіп, тарауық намазы да үйде оқылады. Ал мұқтаж жандар мен көпбалалы отбасыларға ауыз аштырғысы келетін азаматтар болса, олардың бұл сауапты ісі де тек карантин талаптарына сай жүргізілмекші.
– Алла елшісі «кімде кім ораза ұстаған кісіге ауыз аштырар болса, ораза ұстағандай сауап алады. Бірақ ораза ұстағанның сауабы кемімейді» деген. Осы дәстүрді біз осы карантинге дейін жыл сайын мешіттердің жанында, мейрамханалар мен үйде ұйымдастыратынбыз. Бірақ биылғы жылғы карантиндік талаптар бұлардың біреуіне де мүмкіндік бермей отыр. Алайда сауаптан құр қалғысы келмеген қайырымды жандар бізде өте көп. Солардың ниетін біз карантиндік талаптың шеңберінде жасаймыз. Яғни арнайы мейрамханаларға тапсырыс беру арқылы мұқтаж жандар мен көпбалалы отбасылардың үйлеріне тамақ жеткізіп беру қызметіне жүгіне отырып, ұйымдастырсақ деген ниетіміз бар. Әрине, мұның бәрі сол азаматтардың мүмкіндігіне қарай ұйымдастырылады, – деді Еркінбек Шоқай.
Ескерте кетейік, биыл 19 мамырдан 20 мамырға қараған түн – қасиетті Қадір түні.
Оставить комментарий