Елордада көпқабатты тұрғын үйдің терезесінен секіріп кеткен ер адам қайтыс болды. Бұл туралы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының өкілдері хабарлады.
21 маусым күні кешке қарай Қабанбай батыр 40 мекенжайы бойынша қалалық Төтенше жағдайлар департаментіне суицидке жасағалы тұрған әйел туралы хабар түскен.
Оқиға орнына жеткен құтқарушылар ауа толы жастықша – "өмір кубын" әзірлеп, әйелді райынан қайтуға үгіттеген. Құтқарушылар сөзін елемеген әйел ауланың келесі бетінен секірген.
Абырой болғанда 34 жастағы келіншек құтқарушылар дайындаған ауа жастықшасына құлап, екпінмен жертөлеге кіреберістегі үнқағардың үстіне түскен. Ол бірден емханаға жатқызылды.
Келіншек туралы хабар түскенге дейін жоғары қабаттан 1989 жылы туған ер адам құлаған. Алайда оны құтқару мүмкін болмады. Ер адам №2 көпсалалы қалалық аурухана алған жарақатының салдарынан жан тапсырған.
Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайы тексеріліп жатыр, қылмыстық кодекстің 105-бабы бойынша (Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу) сотқа дейінгі жұмыстар басталды. Әзірге қайтыс болған ер адам мен келіншек бірге тұрғаны белгілі.
Оставить комментарий