"Ауасы бар, демсіз әлем, Ауруы бар, емсіз әлем"

/image/2020/07/04/crop-10_56_426x568_2020-07-04_10-25-31.png

Айтыскер ақын Қажымұқан Абзалов елде болып жатқан індетке байланыстырып өлең жазып шығып, Instagram парақшасына жариялады.

Әлсіз адам, әлсіз әлем,
Жыбырлаған жансыз әрең.
Көзге жылтыр көрінгенмен,
Иісі жоқ, дәмсіз әлем.

Ауасы бар, демсіз әлем,
Ауруы бар, емсіз әлем.
Тура жолдан тайқып кетіп,
Жол таппаған жөнсіз әлем.

Дәрігер көп, дәрісі жоқ,
Дәрістер көп, мәнісі жоқ.
Құзырлының құлағы жоқ,
Үзірлінің дауысы жоқ.

Келуден көп кері қайту,
Тек жылату не мұңайту.
Күні-түні көргеніміз,
Көрісу мен көңіл айту.

Қартаймай-ақ қара жабар,
Жаман індет, жаңа залал.
Меймандарсыз мейрамдармен
Жамағатсыз жаназалар.

Ей, өмір-ай өтірік, құр,
Өңің неге өкіріп тұр?!
Дала түгел жөтеліп тұр,
Қара жерің кекіріп тұр.

Ғылым қайда? Ғалым қайда?
Алпауыттар әлің қайда?
Ғарыш асқан білім қайда?
Бірі емге табылмай ма?

“Бәрі ісі бір Иенің”
-деп басымды шын иемін.
Ол кеудесін қағып алды-ау
Бұл тәкаппар дүниенің...

Кешірші Алла! Айыптыңбыз!
Сынағыңа лайық құлмыз.
Түк келмейтін қолымызды
Саған ғана жайып тұрмыз.

Зиян қылды, зұлым көрші,
Мүміндерге тұғыр берші.
Алғаныңа жәннат сыйлап,
Қалғанына ғұмыр берші.
Кешірші, бізді!

Қ. Абзалов

Связанные теги :

Оставить комментарий

Связанные Статьи