Солтүстік Қазақстан облысы Мағжан Жұмабаев ауданы орталығы Булаев қаласы бүгіннен бастап карантинге жабылды, деп хабарлады ҚазАқпарат сайты.
Сайт мәліметінше, карантиннің жариялануына коронавирус инфекциясын жұқтырғандардың артуы себеп болды.
Облыстық бас санитария дәрігері Серікбай Қасмақасовтың жаңа қаулысымен бүгін, 9 қазаннан бастап М.Жұмабаев ауданының орталығы Булаев қаласына карантин шектеулері енгізілді.
Қаулыға сәйкес ресми және жекеменшік жолаушы тасымалдаушыларға Булаев қаласынан басқа елді мекендерге және облыс орталығына жолаушы тасымалдауға тыйым салынды.
Қала тұрғындарына да бірнеше шектеу қойылды, яғни бұдан былай:
1) сағат 22:00 мен 6:00 аралығында үйлерінен шықпауы керек, олар тек жұмысқа және медицина мекемесіне баруға, жақын маңдағы дүкенге, дәріханаға, қоқыс шығаруға ғана шыға алады;
2) көршілерінің, туған-туыстарының, дос-таныстарының үйіне баруға тыйым салынды;
3) кешкі сағат 19:00-ден кейін балаларға ересектерсіз көшеге шығуға шектеу қойылды;
4) 65 жастан асқандар өз-өзін оқшаулау режимін ұстануы тиіс;
5) респиратор инфекциясының белгілері пайда болған жағдайда бірден 103 нөмірі арқылы үйге дәрігер шақырту қажет;
6) жерлеу рәсіміне 30 адамнан асырмай, тек туған-туыстары ғана қатыса алады.
Булаев қаласында мемлекеттік органдар, әкімдіктер, құқық қорғау органдары, медицина мекемелері, қоғамдық тамақтану нысандары, БАҚ, жерлеу рәсімдері қызметі, азық-түлік, құрылыс материалдары, авто және ауыл шаруашылығы техникасының қосалқы бөлшектерін сататын сауда орындарынан басқа барлық кәсіпорындар мен ұйымдар жұмысын тоқтатты. Аумағы 500 шаршы метрден аспайтын дүкендер қалыпты режимде, ал аумағы одан үлкен сауда орындары сағат 9:00-ден 16:00-ге дейін ғана жұмыс істейді.
Облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Булаев қаласын жабуға коронавирус инфекциясын жұқтырғандардың артуы себеп болған. Булаев қаласында 1 қазаннан бастап 15 науқас тіркелсе, аудан бойынша олардың саны – 24.
– Ведомствоаралық комиссияның шешіміне сәйкес, облыс аудандарында 14 күннің ішінде ауырғандар саны 7 адамнан асатын болса, елді мекенге карантин шектеулері енгізіледі. Ал шағын ауылдарда бұл ереже коронавирусты жұқтырғандар саны 3-5 адамнан асса қолданылады, – дейді санитария дәрігерлері.
Оставить комментарий