Дулат Ағаділдің балаларына қауіп төнгені рас па?

/image/2020/11/11/crop-0_-5_897x1595_mycollages-12.jpg

Бүгін азаматтық белсенді, марқұм Дулат Ағаділдің баласы Жанболат Ағаділдің қайтыс болғаны хабарланды. Ресми ақпаратқа сәйкес, Дулат Ағаділ 24 ақпанда жүрек талмасынан көз жұмған. Әкесінің қазасынан соң Жанболат пен бауырлары Бекзат, Нұрболат Ағаділдердің қысым көргені туралы видео әлеуметтік желіде тарады. 

1977 жылы дүниеге келген Дулат Шәкірұлы Ағаділ көп балалы аналарға араша түсіп, азаматтық құқықтың сақталуын талап етіп көзге түскен белсенді еді. Азаматтық позициясын ашық білдіріп, билікке талап қойғаны үшін бірнеше рет ұсталған. 2020 жылы 24 ақпанда шамамен сағат 21:00-де полиция қызметкерлері Дулат Ағаділді үйінен күштеп тергеу изоляторына алып кеткен. Ал келесі күні ішкі істер министрлігі белсендінің жүрек талмасынан қайтыс болғанын хабарлады.

Дулат Ағаділ қайтыс болған соң, балаларына бірнеше рет қысым жасалғаны туралы әлеуметтік желіде ақпарат тарады.

Белсендінің ұлы Жанболат Ағаділ өз ойын, азаматтық позициясын әлеуметтік желіде еркін білдіретін. Отбасы мүшелері жайлы айтылған қауесеттерге де желіде жауап берген. Ютуб желісінде жарияланған видеода олардың отбасысына әлдекімдердің "Әбіләзовтен ақша алды" деп жала жапқанын айтты. Видео 2020 жылдың 24 тамызында түсірілген.

"24-і күні менің әкемді алып кеткен. Маған қайғылы хабармен қайтыс болғанын айтты. "Әбіләзовтан ақша алды" деп, әкемнің, шешемнің атын қорлап жатыр. Әбіләзов түгілі, ешкімнен ақша алған жоқпыз. Мен де, шешем де, әжем де, аға-інілерім де сөйлеспеген болатын. Бізді ақша алды дегенінің бәрі өтірік. Ешқандай ақша берген жоқ. Бізге көмектесіп жатқан – қарапайым қазақ елі. Мың алғыс айтамын" делінген кадрда Жанболат Ағаділ.

Дулат Ағаділдің ұлы Жанболат Ағаділ

Маусым айында әлеуметтік желілерде полиция қызметкерлері белсендінің ұлы Бекзат Ағаділдің мойнын қылқындырған видео тарады. Видеоны Д.Ағаділдің туыстары түсірген. Полицейлер "белсенділерді тасымалдап жүр" деген сылтаумен марқұмның ұлына күш көрсеткен.

Дулат Ағаділдің ұлы Бекзат Ағаділ

Осыдан бес күн бұрын 6 қараша күні "Айнұр Құрманов" Youtube арнасында "Полиция вновь арестовала сына Дулата Агадила - Нурболата" атты видео жарияланды. Видеода азаматтық белсенді, марқұм Дулат Ағаділдің ұлы Нұрболат Ағаділ өзін полицейлер Есіл аудандық ішкі істер бөлімінде ұстап отырғанын айтты.

"Мен азаматтық белсендімін. Міне, мені Есіл аудандық ішкі істер бөлімінде ұстап отыр. Маған срочно адвокат керек. Телефонымды жұлып алып жатыр. Қазір айқайлап қайтарып алдым. Мен ешқандай заң бұзған жоқпын. Сол себепті ешқайда кірмеймін. Қазір түнгі сағат 4:00. Бізді 1,5 сағаттан кейін босатуы керек" деген Нұрболат Ағаділ кадрда.

Дулат Ағаділдің ұлы Нұрболат Ағаділ

* * *

Қамшы ұжымы Жанболат Ағаділдің отбасысына қайғыра көңіл айтады.

Оставить комментарий

Связанные Статьи