Жақында Петропавлск көшелерінің бірінде провокациялық жарнама баннері пайда болған. Мектеп жабдықтарын сатумен айналысатын дүкеннің қабырғасында «мектеп формалары» (Школьная форма) деп жазылған жартылай жалаңаш ер мен әйелдің суреті бейнеленген. Бұл туралы «Қамшы» порталы tengrinews.kz-ке сілтеме жасай отырып хабарлайды.
Tengrinews-тің жазуынша қабырғасында жартылай жалаңаш ер мен әйелдің құшақтасып жатқан суреті бар дүкен шын мәнінде мектеп жабдықтарын сатумен айналысады. Аталмыш баннердің жоғарғы жағында қарапайым киінген кішкене ұл мен қыздың суреті де бейнеленген. Тұрғындардың айтуынша, әдеттегі жарнамалардағы секілді, мектеп жасындағы қыз бала мен ұлдың суреті бейнеленген баннерді көру үшін біршама қашықтыққа ұзауы керек.

Бұған наразы болған ата-аналар дүкен қожайынына шағымданған. Ал дүкен қожайыны ағаттық кеткенін мойындап, тез арада шара қолданатынын айтқан.
«Бұл жерде бір келеңсіздік орын алып отыр. Үйлесімділікті сақтамаған екенбіз. Біз мұны мойындаймыз және тез арада түзететін боламыз. Бұл қиын шаруа емес»,-дейді дүкен қожайыны Сергей Сакиро.
Нұрзат Тоғжан