Біздің кез келгеніміз тілдік ахуалды қалыптастыруға және оны дұрыс қолдануға қызмет етеміз

/uploads/thumbnail/20170708193234658_small.jpg

Тіл табиғатынан әлеуметтік құбылыс болғандықтан, бұған бей-жай қарауға болмайды. Фейсбукке екі сөйлемді қате жазғаннан, немесе бір сөзді, мақалды, тұрақты тіркесті бұрыс қолданып қойдым деп, қазір ешкімнің де басы аурып, қиналып жатқан жоқ. «Мен қате жазғаннан қазақ тілі бұзылып кетпейді» деген ой әр санада орын тепсе не болармыз. Сонда бәріміз де солай бұрыс жазып, бұрыс қолданыстарды тұрақтатып, тұрақты тіркестерді орынды-орынсыз қолданып, варваризмді күшейте берсек, тілдік қолданыс қайда барады? Дұрыс жазып, дұрыс сөйлейтіндерді сырттан іздейміз бе? 
Әлеуметтік мәні бар кез келген ақпарат құралының лебізі, әлеуметтік желілерде жазылған ақпараттар, тіпті ол бір-ер ауыз пікір қосу үшін жазылған сөйлемнен тұрса да, кең ауқымды қамтитын қауымға арналғандықтан, өзіндік лебіздік құндылыққа ие. Ақпаратты тыңдаушы мен оқушының ниеті де, деңгейі де, білігі де әртүрлі болғандықтан, әркім одан өзінше пікір түйері анық. Сондықтан да әр замандағы сөйлеу тілінің деңгейіне де, жазба тілдің деңгейіне де сол тілде сөйлейтін әрбір адам жауапты болады. 
Тіл - ұлттық құндылық болғанда, лебіз - әлеуметтік-идеологиялық нақтылық. Әр түрлі мінберден айтылған сөз де, әртүрлі ақпарат құралдарында жазылған не айтылған ақпарат та сол уақытта қолданылып тұрған тілдің жағдайынан, тілдік ахуалдан хабар береді. Сөйлеушінің немесе жазушының, ғалымның тілі сақау болса, сол уақытта қолданған тіл (лебіз) сақау деген сөз, немесе таза сөйлеп, сөз қолданысы дұрыс болса, сол уақыттағы сөйлеу не жазба тілдің деңгейі жоғары деген сөз. Тек аты белгілі үлкен ғалым немесе жазушы ғана тілдік ахуалды анықтап қоймайды, біздің кез келгеніміз тілдік ахуалды қалыптастыруға және оны дұрыс қолдануға қызмет етеміз және өз заманымыздағы сөздің құнын арттырып, мәнін келтіретін де Біз. Өйткені бәріміз жиналып «халық» атты ұлылықты құраймыз.

Анар Салқынбай, Facebook парақшасынан 

Оставить комментарий

Связанные Статьи