Бейсенбіде Джефф Безосты басып озып, әлемдегі ең бай адам атанған Илон Маск өзінің барлық мүлкін сататынын айтты. Өйткені миллиардер Марста қала құруды қаржыландыру үшін мүмкіндігінше көп капиталға ие болғысы келеді. Маск бұл туралы Axel Springer компаниясының бас директоры Матиас Допфнерге берген сұхбатында айтты.
– Мен сонымен қатар бұл мәселеге байыпты екенімді білдіруге тырысамын. Бұл ақшалар жеке тұтынуым үшін емес. Адамдар маған шабуылдап, "о, бұның бәрі оған тиесілі" дейді. Жарайды, енді менде олар жоқ, – деді Маск.
Бейсенбіде байлығы 188 млрд долларға бағаланып, жаһандағы ең бай адам болған Илон Масктың үлкен жоспарлары бар. Tesla және SpaceX компаниясының бас директоры Марс миссиясына мүмкіндігінше көп қаражат бөлуге тырысады. Сол үшін өзінің материалдық байлығының көп бөлігін сатпақ
– Шын мәнінде, менде ақшалай байлық жоқ, тек компаниялардағы акциялардан басқа, – деді Маск.
Оның сөзінше, жұмысы қарбалас болса, оған зауытта немесе кеңседе ұйықтаған ұнайды. "Ал, балаларым болған кезде әрине, маған орын керек. Сондықтан мен тек орын немесе басқа нәрсені жалға аламын" деді тех-миллиардер.
Былтыр мамырда Маск өзінің барлық дерлік заттарын сатуды жоспарлап отырғанын және үйі болмайтынын мәлімдеген. Содан бері кәсіпкер жылжымайтын мүлік портфеліндегі бірнеше үйді сатты. Ол үйлердің құны бір кездері 100 миллион доллардан асқан болатын.
2020 жылы Маск миллиондаған доллар тұратын мүліктерін сатты. Оның ішінде Лос-Анджелестің Bel-Air маңындағы үш үй және бұрын актер Джин Уайлдерге тиесілі жылжымайтын мүлік те бар. Масктың Калифорниядағы жылжымайтын мүліктерін сатып, Техасқа көшкенін кейбіреулер "салық төлемеудің жолы" деп болжайды. Дегенмен миллиардер Insider-ге байлық жинауының басты себебі материалдық байлық үшін емес, Марстағы колонияны қаржыландыру үшін екенін айтты.
– Менің ойымша, адамзат үшін ғарыштық өркениет пен көпғаламшарлы түрге айналу өте маңызды. Ал Марста қала салу үшін көптеген ресурс қажет. Мен Марстағы қалаға мүмкіндігінше барлық күшімді салғым келеді. Бұл тек үлкен капиталды білдіреді, –деді Маск.
Оның ойынша, материалдық игіліктерімен қоштасу – Марсқа баруға бел буғанын білдіреді.
Тесланың акциясы қымбаттап, бейсенбі күні Масктың байлығы Джефф Безостан асып кеткен кезде, бас директор өзінің Twitter профиліндегі жазбаны 2018 жылғы твитке ауыстырды. Онда ол өз байлығының жартысын жұмсап, Марста қала құруға уәде берген. "Динозаврлар сияқты метеор соққысының себебінен жойылып кетпес үшін немесе үшінші дүниежүзілік соғыс себебінен өзімізді құртып алсақ, тіршіліктің жалғасуын (барлық тіршіліктің) қамтамасыз ету үшін, байлығымның жартысын Марста қала салуға арнаймын" деп жазған Илон Маск.
Ал байлығының қалған жартысы Жер шарындағы проблемларды шешуге арналатынын айтты.
Илон Масктың SpaceX компаниясы Starship деп аталатын 387 футтық зымыранның үшеуін ұшыруды жоспарлап отыр. Компания ғарышты бағындыруды жылдамдатуға тырысуда. Миллиардер 2050 жылға қарай Марсқа 1 миллион адамды қоныстандырмақ. Оларды Қызыл ғаламшарға апару үшін 1000 Starship ғарыш кемесінің паркін құруды жоспарлап отырғанын айтты.
Марсқа бару көптеген адамға өте қымбат болмас үшін, Маск ол жерде "ақшасы жоқтарға несие" беруді көздейтінін және Қызыл ғаламшарда колонизаторларға жұмыс орнын ашатынын айтты. Оның сөзінше, Марсқа несиемен барғандар Қызыл ғаламшарда жұмыс істеп, кредитін қайтарады. Ал кейбір сыншылар Масктың жоспарлары "интенсивті сервитуттың планетааралық түріне ұқсайды" дейді." (Интенсивті сервитут – 1600 жылдары Америка Құрама Штаттарында кеңінен танымал келісімшарт. Бұл келісімшарт бойынша адамдар ақша үшін емес, Америкаға кіру үшін жұмыс істеген.)
Оставить комментарий