Президент Қасым-Жомарт Тоқаев экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиевті қабылдады, деп хабарлады Ақорда сайты.
Министр Мырзағалиев экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің өткен жылғы жұмысының негізгі нәтижелері, сондай-ақ алдағы уақыттағы жоспарлары туралы баяндаған.
Сондай-ақ ол мемлекет басшысына биылғы өсімдік өсетін кезеңді сумен қамтамасыз ету мәселелері жайында айтқан.
Министрдің мәліметінше, биыл қардың аз түсуіне байланысты елде су тапшылығы болуы мүмкін. Бұл ретте президент су арналарын цифрландыру жөніндегі жұмыстың маңыздылығын атап өтті. Алдағы 5 жыл ішінде бүкіл республика бойынша 119 арнаны цифрландыру қажет.
Министр Тоқаевқа балық шаруашылығын дамытудың 2030 жылға дейінгі бағдарламасы жүзеге асырыла бастағанын айтты. Мағзұм Мырзағалиевтің пікірінше, 10 жыл ішінде балық өндірісін 9 мыңнан 270 мың тоннаға дейін арттыруға мүмкіндік бар.
Сонымен қатар министр Мырзағалиев президентке геологиялық барлау, экологиялық туризм және ұлттық парктердің жай-күйі туралы баяндады.
Кездесу соңында мемлекет басшысы экология, геология және табиғи ресурстар министріне бірқатар нақты тапсырма берді.
Оставить комментарий