Павлодарда дүкенді тонаған 22 жастағы күдікті жергілікті полиция бөлімінің қызметкері болып шықты. Бұл туралы ratel.kz сайты хабарлады.
5 наурызда Instagram-да ер адам қару кезеніп, әйел адамнан кассадағы ақшаны беруді талап етіп тұрған видео тараған. Артынша оқиға Павлодарға жақын ауылдардағы дүкендердің бірінде 1 наурызда болғаны анықталды.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, күдікті ауылдағы дүкендердің біріндегі сатушыны зорлық-зомбылық көрсетемін деп қорқытып, 120 мың теңге алып кеткен.
Қазіргі уақытта Павлодар облысының 22 жастағы тұрғыны ұсталып, қылмыстық кодекстің 192-бабы ("Қарақшылық") бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.
Ішкі істер министрлігі көліктегі полиция департаменті күдікті полицей болып жұмыс істейтінін хабарлады. Ол дүкендерді тонауға қызметтік көлігімен барған. Сондай-ақ ол шабуылдаған "Керемет" дүкені ауыл әкімдігіне қарама-қарсы орналасқан.
Тергеу ақпаратына сәйкес, күдікті ойын автоматына ұтылып, ақша іздеген.
Полиция департаментінің баспасөз қызметі іс бойынша сараптама әлі жалғасып жатқанын мәлімдеді.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Оставить комментарий