Қызылорда облысында өрттен 4 адам қайтыс болды. Бұл туралы облыс әкімі Гүлшара Әбдіхалықова facebook парақшасында хабарлады.
– Бүгін Қармақшы ауданы, Жосалы кенті, Рүстембеков көшесі, 29-тұрғын үйде түскі сағат 13:30 кезінде 27 литрлік газ баллоны жарылып, 144 шаршы метр жер өртке оранып, 4 адам қайтыс болды:
2001 жылы туған С. Өміртаева;
1981 жылы туған Р. Айтмаханова;
2000 жылы туған Н. Айтмаханова;
1999 жылы туған С. Мырхиев, – деп жазды Әбдіхалықова.
Өрт сөндіру бөлімшесі келгенге дейін 1950 жылы туған С.Алмаханова хирургия бөлімшесіне жатқызылған.
Өртті сөндіруге төтенше жағдай департаментінің 16 қызметкері және 4 бірлік техника, ӨКМ-нің 20 қызметкері және 4 бірлік техникасы, жергілікті атқарушы органның 10 қызметкері және 3 бірлік техникасы, прокуратураның 3 қызметкері мен 1 бірлік техникасы, бастапқы медициналық-санитарлық көмек қызметінің 8 қызметкері және 3 бірлік техникасы, Қызылорда электр тарату тораптары компаниясының 3 қызметкері және 1 бірлік техникасы жұмылдырылған.
– Қайтыс болған азаматтардың туған-туыстарына Сыр елі жұртшылығы атынан қайғыра көңіл айтамын. Бұл бәрімізге де жеңіл тимеді. Қазіргі таңда осыған байланысты мәселе менің тікелей бақылауымда тұр. Өрттен, судан, басқа да апаттан аман болайықшы, жерлестер! – деп жазды облыс әкімі.
Оставить комментарий